Ләйлә Сұлтанқызы отбасылы болудан қорқып қалған аруларға үндеу жасады.
Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы соңғы кезде елімізде болып жатқан оқиғаларға қатысты жас қыздар арасында тұрмыс құруға деген көзқарастың өзгергенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ләйлә Сұлтанқызы елімізде болып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылықтар салдарынан бүгінде отбасылы болудан қорқып қалған аруларға үндеу жасап, ақыл-кеңесін берді.
Боянып отырғанмын. Есік ашылып, "мен күйеуге шықпаймын" деген сөздермен бір қызым (командамыздың мүшесі) кіріп келді. Мені бояп тұрған визажист те "мен де қорқамын шығуға" деп қостай кетті. Соңғы кездері жастардан бұл пікірді жиі естимін. Көбісі "Ұрып жіберсе қайтемін?", "Сөзге келіп қалудан қорқамын", "Көзіме шөп салса ше?", "Менің пікіріммен санаспаса не істеймін?", "Ата-енем қатал болса ше?", "Баламен ешқайда шығармай, үйде отырғызып қойса ше?" деген себептерді айтады.
Енді мені "неге тұрмыс құруды бақытсыздықпен тең көретіндер көбейіп кетті?" деген ой мазалауда.
Бес саусақ бірдей емес. Күйеудің бәрі Бишімбаев сияқты деген сөз де емес. Білесіз бе, отбасы деген нағыз бақыт, бағалай білген адамға. Ішінде екі адамның бір-біріне деген қамқорлығы, мейірім, төзім, жақсы көру, сыйластық, бірігу, талпыну, армандау, мақсатқа жету сияқты қанша эмоция, іс-әрекет жатыр. Қыздардың бұл ойы мені қатты алаңдатады, - деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.