17.06.2024, 18:00

«Кім таяқ жемей жатыр?»: Досын жақтаймын деп басы дауға қалған әнші халықтан кешірім сұрады

Фото: massaget.kz

Ол Ғабит Бибасыұлына қатысты видеоға пікір білдірген еді. 

“Меломен” тобының әншісі Қайрат Мырзаханов әлеуметтік желідегі парақшасында халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол әріптесі Ғабит Бибасыұлының бұрынғы әйелі тұрмыстық зорлықтың құрбаны болдым деп мәлімдегеннен кейін, досын қолдаған еді. Оның бұл әрекетін көпшілік оқырман жақтырмай, сынға алды.

Көпшілігі "кім таяқ жемей жатыр" деген менің сөзіме наразы болып, "өзіңіз де әйеліңізді ұрасыз ба?" деп жатыр. Жоқ, құрметті достар. Ойланып қарасақ, мен дұрыс жеткізбеген шығармын. Алайда бұл сөз зорлық-зомбылықты қолдаймын деген сөз емес. Әпкем-қарындасым бар, әйелім, тәп-тәтті қызым бар. Мен бұл нәрсені ешкімге қаламаймын. Сондықтан ер-азамат ретінде хақыларыңызға өтіп кетсем, бұл сөз арқылы кешірім сұраймын. Қоғамда бәрі ұрыс-керістен ажырасып жатыр. Сондай мағынада бұл сөзді айтқан едім, – деді әнші.

Әйелдердің құқығы мен әлеуметтік сауаттылығы тақырыбын көтеріп жүрген коуч-эксперт Роза Әшірбаева топ мүшелерінің әр жазбасында жасырын түрде зорлық-зомбылықты қолдайтын мағына бар деп топшылады.

Топ мүшелерінің өздерін тексеру керек. Әйелдерін ұратын және оны қалыпты ерлі-зайыптылардың өмірі деп санайтын секілді. Біздің елдің ер азаматтары өздеріне ыңғайлы "жарқын жақта" өмір сүреді. Олар жаңалық оқымайды, ресми мемлекеттік ақпаратты менсінбейді. Олардың "жарқын әлемінде" ажырасудың себебі: қызғаныш, ашық киіну және еркектің ақша аз табуы екен... "Кім таяқ жемей жатыр" деп елдің алдында жүрген абыройлы әнші, "жарқын жақта" өмір сүретін ер азаматтар осы есепті түсіне ме екен? – деп ашуланды коуч.

Бұған дейін  "қолым мұрнына тиіп кетті" деп "Меломен" тобының әншісі Ғабит Бибасыұлының әйелін ұрмағанын айтып, ақталғанын жазған едік.