Ешқашан кездеспеген, тек онлайн сөйлескен.
Әнші Әсем Айнақұлова "Менің өмірім" бағдарламасында алаяқтың қолына қалай түсіп қалғанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Massaget.kz сайтының жазуынша, әнші алаяққа өміріндегі қиын кезеңде жолыққанын айтты.
Дәл сол сәтте менің өмірімде қиын кезең болатын. Шығармашылығым тоқтап қалды, кездесіп жүрген жігітпен ұрысып қалдым. Содан кейін "мен енді бірдеңе істеуім керек" деп жүрдім. Сол кезде ол да маған кезіге қалды, ал мен материалдық жағдайымды жақсартамын деп ойладым. Қазір несін жақсарту керек еді деп ойлаймын: екі бөлмелі үйім бар, көлігім бар, жұмысым бар. Маған не керек болды? Қазір ойласам, материалдық жағдай емес, мен сол сәтте махаббат пен қамқорлық іздедім. Және де сол махаббат пен қамқорлықты сол алаяқтан тапқандай болдым. Олардың алдап-арбайтын техникалары бар ғой, - деді ол.
Әсем Айнақұлова танысқан адамымен ешқашан кездеспеген, тек онлайн сөйлескен.
Онымен кездескен жоқпын. Барлығы онлайн болды. "Тиндер" қосымшасы арқылы танысамыз, сөйлесеміз. Бұл қосымшада 1045 адаммен сөйлесіп кетпейсің, яғни оған қызығушылық болды. "Қытайдың азаматымын, Қазақстанда елшілікте жұмыс істеймін" деді. Кейін зерттедім, олардың үлкен бір ұйым екенін білдім. Олар "үлкен қаражатқа жұмысқа шақырамыз, тіл білген, компьютер білген абзал" деп айтады. Олар жұмысқа аламыз деп алдап шақырып алады. Шақырған кезде "жолыңды, бәрін өзіміз көтереміз" дейді. Шығындарының бәрін өтейді. Келген кезде көпшілік тіл білмейді, келісім-шарттарына қол қойғызып алады, паспорттарын алып алады. Олар заң жүрмейтін, жемқорлық бар жерде жұмыс істейді. Содан кейін сендер мынадай жұмыс істеу керексіңдер дейді. Біреулер көнеді, біреулер көнбейді. "Бұл алаяқтық, мен оған бармаймын" дейді. "Онда саған жұмсаған ақшаны қайтар" дейді, ол ақшаны доллармен емес, криптовалютамен қайтару керек. Сонымен адамдарды қорқытып ұстайды. Ақша бергендер шығады, - деді ол.
Әнші оның жылы сөздеріне алданып, инвестиция құйғанын айтты.
Алайда мен Қытайға бармадым. Мені инвестиция салатын адам ретінде пайдаланды. Маған инвестиция жасайсың деп өзіме ашқызды, өзім құпиясөз енгізді. "Пароль өзімдікі, крипто-әмиян өзімдікі" деп ойлайсың. "Мен оған тікелей ақша беріп жатқан жоқпын" деп ойлайсың. Күнде инвестиция жасап отырасың. Көбірек ақша салсаң, көбірек түседі. Мысалы, бірінші күні 100 доллардан салдым, келесі күні 130 доллар болды деп көрсетіп тұр. Керек болса, ала аласың деп айтады. Негізі адамдарды алдау үшін солай бір рет ақшасын алуға мүмкіндік береді. Бірақ мен көбірек ақша салғасын менде бірнеше рет алуға мүмкіндік болды.
Оған қоса, екінші жағынан екеуміздің қарым-қатынасымыз бар. Ол кезде пандемия, вакцина алу керек. Ешқайда шыға алмаймыз. Яғни, бір-бірімізді көре алмаймыз. Ол сосын кездесеміз деп мені алдап жүрді, мен соған сеніп жүрдім. Оның түрі емес, сөйлесу арқылы мені арбап алды. Оның қамқорлығына алданып қалдым. Мен бұл өмірде "не іштің, не жедің, қашан ояндың, қайда бара жатырсың, ақша керек пе" дегенді көп естімегенмін. Сөйтіп, сол жігіттен естіп, қармағына іліндім, - дейді әнші.