Бейнебаян арқылы көрермендер Қазақстанды мәдени мұрасы бай, қайталанбас табиғаты бар ерекше мекен ретінде таниды деп үміттенеміз.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы әйгілі әнші Димаш Құдайбергенмен бірге еліміздің туристік орындарында бейнебаян түсіруге кірісті. Жоба аясында тыңдармандарға Қазақстанның табиғи және мәдени қазыналарына арналған жаңа музыкалық композиция ұсынылады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бейнебаянның түсірілімі Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Ақмешіт үңгірі, Әзірет-Сұлтан қорық-музейі, сондай-ақ Бозжыра шатқалы, Торыш алқабы және тағы да басқа еліміздегі танымал туристік орындарда өтті.
Сондай-ақ жаңа туындыда Бурабай, Катонқарағай, Алтын-Емел, Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық парктерінің керемет көріністері көрсетіледі деп күтілуде.
«Бұл жоба Қазақстанның бірегей сұлулығына назар аудартып қана қоймай, көрермендерге өнер туындысы арқылы елімізді жаңа қырынан көрсетуге жол ашады. Бейнебаян арқылы көрермендер Қазақстанды мәдени мұрасы бай, қайталанбас табиғаты бар ерекше мекен ретінде таниды деп үміттенеміз», – деп атап өтті Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Жоба дарынды өнерпазымыздың жанкүйерлерін еліміздің табиғи және мәдени мұрасымен таныстыруға, сол арқылы Қазақстанның туризмін дамытуға мүмкіндік береді.
«Димаш – Қазақстан туризмінің елшісі атанауға лайықты тұлға. Көптеген адам Қазақстанды Димаш арқылы таниды», – деп атап өтті әншінің Қытайдағы фанклубы.