31.08.2024, 16:30

«Ақша не істетпейді»: Айгүл Иманбаеваның жемқорлық туралы видеосы желіде қызу талқыға түсті (ВИДЕО)

Фото: instagram.com/aigul_imanbayeva

Актриса бейнежазбаны орыс тілінде түсірген.

Белгілі әнші, актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында елдегі жемқорлық мәселесі төңірегінде әлеуметтік бейнежазба жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Видеода Айгүл Иманбаева көшеде өтіп бара жатқан бейтаныс жігітті тоқтатып, қазіргі уақыттағы жемқорлық деңгейі туралы сұрайды.

«Сіздің ойыңызша, елімізде қазір жемқорлық азайды ма, көбейді ме?» деген сауалға жауап берген жас жігіт жемқорлықтың ұлғайғанын айтады.

«Жемқорлық бұрынғыдан тіпті көбейіп кеткен.  Мысалы менің танысым жай ғана мектепке жұмысқа орналасуы үшін 300 доллар жатыр», - дейді жас жігіт.

Содан кейін Айгүл Иманбаева қулыққа көшеді. Актриса камераны өшіріп, жігітке керісінше жауап беруді өтінеді де, оның қолына ақша ұстатады. Ал жас жігіт еш ойланбастан келісіп, жоғарыдағы сұраққа басқаша жауап береді.

«Елде жемқорлық едәуір төмендеді. Себебі Антикор жақсы жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, әр адам өзінен бастау керек. Әлемді өзгерткісі келген адам әуелі өзін өзгертуі керек», - дейді жас жігіт.

Желі қолданушылары бұл видеоны қызу талқылауда. Сондай-ақ, көпшілік әртістің видеоны орыс тілінде түсіргені үшін айыптап жатыр.

«Әй, қу ақша не істетпейді?»,«Жемқорлық көп көп дейміз. Бірақ өзіміз соны істейміз. Бірақ оны мойындағысы келмейді ғой. Жоғарыдағылардың жегенін айта бергенше өзімізден бастайық», «Бұл жігіт жемқорлықты біздің өзіміз жақсы көретінімізді көрсетті», «Жаңа Қазақстан деген сы ма?», «Жігіт емес екенсің. «Еркектің екі сөйлегені өлгені» деген Қазақ Атам. Айгүл сен Баянға еліктеией-ақ қойсай. Баян ол Баян. Сен сахнаңды ойнап. Жүре берсей. «Екі қайықтың басын үстаған суға кетеді» деген Қазақта» сынды пікірлер қалдырылған.