$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда жазушы Қалихан Ысқақты ақтық сапарға шығарып салды

Жазушылар Одағында өткен қаралы жиынға жазушының туған туыстары, үзеңгілес достары, ақын, жазушылар, өнер саласында жүрген азаматтар жиналды. Жазушының отбасына көңіл айтып, орны толмас қайғыға ортақтасты, деп хабаралайды «Қазақпарат».

Қаралы жиында сөз сөйлегендер Қалихан ағаның өмірі мен шығармашылығы жайында ой бөлісті.

— Қалағаңның ең алғашқы туындысы «Қоңыр күз еді» повесі салған жерден әдеби қауымды өзіне жалт қаратқан шығарма болатын. Одан кейін де Қалағаң бірнеше роман, повестер, әңгімелер жазды. Ол өзінің жаратылысында қаншама кішіпейіл, біртоға адам болса, шығармалары да солай болатын. Мынау реализм дегеніміз өмірдің шындығы ғой. Менің ойымша, Қалихан реализмді молынан суреттеген адам. Мысалы жазушы шығармаларында «өзім білем» деп шешенсіп кетуі мүмкін. Оның кейіпкерлері — орманшысы да, қойшысы да, малшысы да шешен сөйлеуі мүмкін. Бірақ Қалағаңда ондай болмайтын. Өзі де кейіпкерлері де табиғи қалпында сөйлейтін, — деді жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қадірбек Сегізбайұлы.

— Қалекең әділеттілік жөнінде ешкімнен қорықпайтын. Мен оның адамгершілігіне, әділдігіне басымды иген адаммын. Әдебиетте ол классикалық ағымды жақсы көретін. Қалекең — ұлтымыздың шынайы тарихын, мінезін, тұрмысын терең зерттеп, өзінің шығармасына енгізе білген жазушы. Қалекең қазақ жазушыларының ішінде көш басында жүрген қаламгер болды, — деді жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиев.

— Қалихан ағамен біз өмір-бақи дос болдық. Өмірде адам дос бола береді ғой. Ал әдебиетте дос болу деген - алмағайып дүние. Өйткені әдебиетте әрбір жазушының өзінің ұстанымдары болады. Ол — шыншылдық принципі. Ол алдамау, алданбау, өтірік айтпау, жағымпаз болмау деген секілді қасиеттер адамды суреткер ретінде қалыптастырады. Басқа жазушының принциптері бұған сәйкес келмесе, жазушылар екі жаққа бұрылып кете барады. Ал Қалекеңнің көп мінезі, өмірлік ұстанымдары, менің кредоларыммен сәйкес келіп жатты. Оның жазу стилі — нағыз қасаң, қатал реализм. Өмірдің шындығын болғанындай қопарып алып, шығармасына көшіріп алып келіп сала салатын. Оның өзін мен Бунин мектебі деп есептеймін. Қалекең жазушылардың ішінде Бунинді қастер тұтты. Сол Бунинді қазақшаға керемет аударып берді. Оны Қалиханнан басқа ешкім аударып бере алмас та еді. Мұндай жаны таза адамдардың арамыздан кетіп қалғаны қабырғамызды қайыстырады, — деді Дулат Исабеков.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары