Алагөзова жеке айыптау тәртібімен сотқа шағымданған.
Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық соты белгілі журналист Дана Орманбаеваға қатысты қылмыстық істі қарады. Ол телекоммуникация желілерін пайдаланып, басқа адамның ар-намысына нұқсан келтірді деп айыпталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылдың 3 және 6 сәуір күндері Орманбаева өзінің Instagram парақшасында продюсер Баян Алагөзоваға қатысты әдепсіз әрі қорлайтын жазбалар жариялаған. Осы жағдайға байланысты Алагөзова жеке айыптау тәртібімен сотқа шағымданған.
Сот Орманбаеваның кінәсін дәлелдеп, жас баласының болуын жазасын жеңілдететін фактор ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Нәтижесінде сот Орманбаеваны кінәлі деп танып, 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салды.
Сонымен қатар, сот оның жәбірленуші Алагөзоваға 500 мың теңге моральдық зиян төлеуін міндеттеді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.