21.10.2024, 23:30

Димаш пен Хаусердің видеосы бір тәулікте 2,5 миллион рет қаралды

Фото: kudaibergenov.dimash инстаграм парақшасынан

Екі музыканттың бірлескен видеосы әлеуметтік желіде мұндай танымалдылыққа ие болады деп күтілмеген болса керек.

Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің хорватиялық виолончелист Степан Хаузермен бірге түсірген видеосы 24 сағатта 2,5 миллион қаралым жинады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Екі музыканттың бірлескен видеосы әлеуметтік желіде мұндай танымалдылыққа ие болады деп күтілмеген болса керек, желі қолданушылары түрлі пікір жазып жатыр. 

Мен бұл әнді 10 рет қалай тыңдағанымды байқамай да қалдым, өте қызықты екен, - деп жазды бір жанкүйері.

Еске салайық, бұл жолы Димаш Құдайберген 2CELLOS дуэті арқылы танымал болған Степан Хаузермен бірге өнер көрсеткен видеосын жариялаған болатын. Бұл дуэт рок-хиттердің кавер-нұсқаларын виртуозды орындауы және фильмдердегі музыкалық композицияларды академиялық интерпретациялаудың арқасында дүниежүзілік танымалдылыққа ие болды.

Димаш пен Хаузердің Сингапурда бірлесіп өнер көрсетуі музыка әлемі үшін нағыз жаңалық болды. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлер Құдайбергеннің қайталанбас үні мен Хаузердің сүйемелдеуіндегі виолончель үнінің гармониясына тәнті болды.