Желі қолданушыларының кейбірі бұл әрекетті сынға алып, продюсердің қателігін атап өтті.
Танымал «Келінжан» телесериалының продюсері Гүлнұр Мамасарипова желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ол Instagram парақшасында телехикаядағы «Балқия» (Нұргүл Маңғытова) мен «Мәдібектің» (Назар Шархан) бір-біріне сүйсіне қараған видеосын бөліскен. Алайда видеода Балқияның көзі көгерген болып көрсетілген.
Продюсердің бұл әрекеті тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын романтизациялағандай әсер қалдырды. Желі қолданушыларының кейбірі бұл әрекетті сынға алып, продюсердің қателігін атап өтті.
«Шаршаттыңдар, осындай көгерген көзды көруді, тұрмыстық зорлық-зомбылықты неге «нормаға» айналдырасыңдар? Сол күлкілі ме?», - деп жазған желі қолданушысы.
«Көзіне не болған? Мәдөш пе?», «Мәдөш-ай, мынау не енді, Балқияның көзің көгертіп қойғансың ба?», - деген пікірлер де бар.
Айта кетейік, Мамасарипова бұл жазба арқылы «Келінжан 3» маусымының шығуына 25 күн қалғанын көрермендерге сүйіншілеп жеткізген болатын.