17.12.2024, 12:40

Миллиондап ақша сұрайтын Қайрат, Төреғали, «МузАртты» тойға шақырмаңдар! – қоғам белсендісі

Коллаж: Sn.kz

Қайраттар алатын 5-6 млн теңгені кредит алып берсең, оны кемі 5 жыл төлеп, 10 млн қылып қайтарасың.

Қоғам белсендісі қазақты кредит алып, той жасамауға шақырды. Оның айтуынша, әншілерді тойына шақыру үшін миллиондап қарыз алып, 5 жыл несие төлеудің қажеті жоқ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы фейзбукте Тортуыл Шоқан есімді желі қолданушысы жазды.

«Тойға, жақсылығыңа шақырсаң миллиондап ақша сұрайтын «МузАрт», «Жігіттер», Қайрат, Төреғали, Ә. Әлқожа,  Наркенже, т.б. әншілерді шақырмай, ютубтан клипын қойдыра салыңдар, болды. Болмаса, базардан 2000 теңгелік әндер жинағы дискісін аласал, сол жетеді.  Наркенже сұрайтын 1 млн теңгені бір адам 1 жыл жүріп әрең табады.

Қайраттар алатын 5-6 млн теңгені кредит алып берсең оны кемі 5 жыл төлеп, 10 млн қылып қайтарасың. Жабық вечеринкаларда кім қанша төлейді, шаруамыз жоқ. Бір той томалақтағы әнші бағасын айтпақ әр әніне қарай белгілеу керек, болды. «Бір ән —100 доллар» деп бекісе, дұрысы осы. Тойдың сәні — ұтымды әзіл, тойымды мәзір, жақсы тілек, күйің келіп берген ақшалай сыйлық емес пе? Ойбой, ананың тойына «анау», мынаның тойына «мынау» келіпті деп,  бақталастыққа өзіміз итермелейміз. Тойдың сәні танымал адамдар емес — ағайының, болды. Байдың алдында кедей бүгежектемес үшін жүрген жерімізде әлеуметтік теңсіздіктерге жол бермеуіміз керек!», – деп жазды ол.