Сенің сөзіңді сөйлеуге, шығарып жатқан дүниеңе ой-пікірімізді қосуға дайынбыз.
Қазақ өнерінің аға буыны Нұрғали Нүсіпжанов жақында радио ашқан Мейрамбек Бесбаевқа батасын беріп, жүрекжарды тілек арнады. "МузАрт" әншісі өзіне қолдау білдірген өнердегі ағасына асқан сыйластық танытты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
88 жасқа толған Нұрғали Нүсіпжанов Бесбаевтың "AspanFM" радиоесында қонақта болып, оған ақ батасын берді.
"Үлкен бейбіт шаруа бастап жатырсың. Осы көк аспаның аман болсын, осы көк аспаныңның қызығын көруге, марапатын алуға Алла нәсіп етсін. Қай жерде жүрсек те, сенің сөзіңді сөйлеуге, шығарып жатқан дүниеңе ой-пікірімізді қосуға дайынбыз", - деді Нүсіпжанов.
Мейрамбек Бесбаев бұл кездесуден Instagram-дағы парақшасында видео жариялап, жазба қалдырды.
"Бүгін Аспан ФМ радиосына қазақ ән өнерінің атасы, дархан даламызды тамаша дауысымен тербеп жүрген Нұрғали көкеміз келді. 88-ге келген жасында тынбай еңбек етіп, ұлылардан арқалап қалған аманатқа адалдық танытып келеді. 70 жыл бойы сахнаның сәні болып жүру екінің біріне бұйырмайтын бақ. Өнерге берері мол ақсақалдардың алдымызда аман жүргені бір ғанибет. Батасын беріп бақытымызды тілеп жүрген Нұрғали көкем аман болсын", - деп жазды Мейрамбек Беспаев.