Былайша айтқанда, фильмді әупірімдеп, тіпті жанкештілікпен түсірдік.
Қазақстандық режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» атты фильмінде басты рөлді сомдаған актер Ерлан Төлеутай «Қазақфильм» АҚ тарапынан туындаған кертартпалықты айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы nege.kz-ке сілтеме жасап.
«Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» атты фильмі Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілді. Ұлттық киноны қолдау орталығы комиссиясының сараптамасынан өтіп, мемлекеттік қаржының есебінен түсірілетіні туралы шешім шыққан. Алайда, фильмді түсіру барысында қиындық пен кедергіге тап болдық. Неге десеңіз, тиесілі қаражатты уақытында бермей қойды. Бірақ «фильмді желтоқсанда тапсыру керек» деген талабы бар. Егер фильмді түсіру жұмысын мамыр айында бастап кетсек, біз үлгерер едік. Ал олар ақшаны қыркүйекте берді. Ол уақытта күн қысқарып кетеді. Қысқасы, бұлар адамның миына сыймайтын дүниелерді ойлап табады. Әйтеуір «Әбіл» фильміне келгенде неге осындай қарсылық туындағанын түсінбедік», - деді өнертанушы.
Сондай-ақ, ол «Қазақфильм» тарапынан кино түсіруші шығармашылық топқа қандай көмек көрсетілетінін айтты.
«Шын мәнінде, «Қазақфильм» фестивальдерге баратын шығармашылық топқа ақша бөлуі керек. Бұрын фестиваль аясында басқа елдің мамандарымен сөйлесуің керек болса, оған өкілдік шығыстар ретінде қаражат көзделетін. Өйткені, шетелге шыққан суреткер шығармашылық сапарда қиналмауы тиіс. Бұл – мемлекеттік маңызы бар идеологиялық мақсаттағы сапар. Біз қазақ өнерін танытып жатырмыз. Өзім де ән айтып, концерт қойдым. Қазір соның бірін де бермейді. Тіпті, визаның өзін әрең алдық. Франциядағы Қазақстан елшілігіне де өкпеміз қара қазандай. Бізге Францияның Везуль және Швецияның Гетебор халықаралық кино фестивальдері ұйымдастыру комитетінің арнайы шақыруы келді.
Қаңтардың 23-іне қараған түні Парижге ұшуымыз керек болған. Ұшақтарға билеттер сатып алынып, Франция мен Швециядағы қонақ үйлер де алдын ала брондалып қойылған-ды. 24 қаңтар күні фестивалдің ашылуы, ал 25-26 күндері «Әбіл» көркем фильмінің еуропалық премьерасы еді. Одан кейін ақпанның 11-16 аралығында Францияның Везуль халықаралық фестиваліне қатысатынымыз белгілі. Алайда, тиісті жерлерге, тіпті Сыртқы Істер министрі Мұрат Нұртілеуге де арнайы өтініш хат жаздық, жауап болмады.
Әбден ызаландық. Мәселені әлеуметтік желіге жазып, шу шығарған соң ғана, яғни жарты сағат қалғанда визаны беретін болды. Оны ұшақпен, сосын курьермен үйге алдыртуға екі есе ақшаны өзіміз төледік. Әйтпесе, үлгере алмайтын едік. Бұл деген сұмдық қой. Өз басым режиссерді жалғыз жібермейін деп өз қаражатыммен намысқа тырысып келдім. Бұл да бір майдан ғой. Ол туындысын көрсетуге қалай жалғыз барады? Жанында қолдайтын, алқалайтын адам болу керек. Оның жазығы қанша? Авторлық кино түсіріп, әлемдік деңгейде тұсауы кесіліп жатыр. Бұған дейін Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында аты дардай фестивальге қатысты. Бірақ «Қазақфильм» Елзат Ескендірдің жолын алдын ала бөгеумен әлек», - деп ашынды өнер иесі.