08.02.2025, 15:30

«Халықты ақымақ қылып отыр»: Желіде қазақтың тойын азайту туралы ұсыныс айтылды

Фото: uslugi.ru

Тойдың ұзақтығы 55 минут болуы керек. 5 сағат той деген сұмдық, мен оған шыдамаймын. Асабалардың сөзі бар «Тойда шашылмасаң, не үшін жұмыс істедің?» деген. Олар халықты осылай ақымақ қылып отыр.

Тойдан бұрын шетелден шақырып өткізетін жиынды тоқтату керек дейді қарапайым халық. Әр жиын болған сайын ең азы үш төрт миллион доллар кетеді. Қазынаға үлкен салмақ. Бүгінгі қазақ тойы мәнсіз, мағынасыз, бос мақтан мен тойжарысқа, дабыр-дұбыр дарақылыққа айналып кеткені жасырын емес. Оның үстіне осы бір бос мақтан той — қазақтың жаппай несиеленуінің басты себептерінің біріне айналды, деп Skifnews.kz ақпарат порталы Сaravan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Сөзсіз қазақ тойын реформалау керек дейді қоғам белсенділері.

Белгілі академик, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев қазақтың тойына қатысты пікір білдірген еді. Оның айтуынша, 5-6 сағатқа созылатын тойдың уақытын барынша қысқарту керек.

«Тойдың ұзақтығы 55 минут болуы керек. 5 сағат той деген сұмдық, мен оған шыдамаймын. Асабалардың сөзі бар «Тойда шашылмасаң, не үшін жұмыс істедің?» деген. Олар халықты осылай ақымақ қылып отыр. Той жасасам мен сол 50 минутқа сыйдырамын. Барлығына мылжыңдатып тілек берудің қажеті жоқ, өйткені барлығының айтатыны бір. 1-2 ақсақал шығып сөз сөйлесе болды емес пе?!», — дейді Асқар Жұмаділдаев.

Ал журналист Нұргелді Әбдіғани 55 минутқа дейін шектеп тастамасақ та, түзету жасау керектігін айтты. Сол тұрғыдан, қырғыздардың шектеулері біздің елге үлгі бола алады дейді.

Қырғыз депутаттары той тойлаудың регламентін жасап, арнайы заң жобасын талқылап жатыр. Былай дейді:

Бірінші: Қазаға, асқа, Құдайы асқа байланысты үшін, жетісін, қырқы мен жылын өткізуге тыйым салынбақ.

Екінші: Үйлену тойға 250 адамнан көп кісі шақыруға, Қыз ұзатуға 100 адамнан артық шақыруға тыйым салынады.

Сондай-ақ: Тойда 3 көліктен артық пайдалануға, қосымша шығындар мен сыйлықтарға (бір-біріне салатын алтын бұйымдарға), той-сарқыт жәшіктеріне және киім-кешек таратуға (киіт) тыйым салуды ақылдасуда. Сонымен қатар: тойға немесе асқа сойылатын малдың да санын шектемек.

Үшінші: Қажыға баратындарды той жасап шығарып салу, той жасап күтіп алуға тыйым салынбақ.

Заңды, яғни осы айтылған шектеулерді бұзғандарға: 300 мың сом айыппұл салмақ. Бұл шамамен 1,8 млн теңге.

Желі қолданушыларының бір бөлігі ұсынысты қолдаса, екінші тарап бұл да халықты қысу деген пікірде:

«Тойдан басқа, қазақта мәселе қалмаған ба? Демократия мен экономиканы түзеп алсақ, елдің өзі көшпен түзеп алар! Ойшыл емес тойшыл елге айналдық. Тойға ең жақын 50 адам жетеді. Қазаға бойынша, мүрде өз үйінен шығарылып, жаназасын танитын имам шығаруы керек. Жаназаға келем деген жан келеді. Асын ресторанда беру жанның жаннатқа баруы емес.  Жетісі, қырқы, жүзі, жылы берілсін, бірақ жақындарымен ғана», — деп жазып жатыр жұрт.