Өте талантты қазақтың қаршадай қызы.
Әзербайжанда ең ауқымды және ең қымбат тележоба "Әзербайжан дауысы" басталды. Бұл сайыста Қазақстан атынан атыраулық талантты қыз бағын сынап жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Телеарнаның мәліметінше, "Әзербайжан дауысы" жобасына әзербайжандықтар ғана емес, өзге мемлекеттердің де өнерпаздары қатыса алады. Еліміздің атынан атыраулық Санат Асуат қатысып жатыр. 20 жастағы ару қазір Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында "Эстрада вокалы" мамандығы бойынша үшінші курста оқиды.
Жалпы ол 5 жасынан бастап ән айтады. Алғаш рет өнерін ата-анасы байқаған. Ал бұл жобаға қатысуын өзінің атасына арнайтынын айтады.
"Атам дүниеден өткенде мен бірнеше күннен кейін "Әзербайжан дауысына" өткенімді білдім. Ол атамнан белгі болғандай", - дейді Санат Асуат.
"Әзербайжан дауысы" тележобасына халық әртістері Зүльфия Ханбабаева мен Роя Айхан, сондай-ақ Eurovision ән байқауының жеңімпазы Эльдар Гасымов пен композитор Мурад Ариф қазылық етеді. Санатты Елдар Гасымов өз тәлімгерлігіне алған.
"Бұл байқауға біраз шетелдік өнерпаз қатысып жатыр. Санат Асуат менің тобыма қосылды. Мен оның дауысын естіп, қатты тәнті болдым. Сондықтан еш ойланбастан таңдадым. Қазақтың қаршадай ғана қызы екен. Өте талантты", - дейді Елдар Гасымов.
Айта кетейік, алда әлі үш кезең бар.