07.04.2025, 12:20

«Әніңді тыңдап дертімді емдеп жүрмін»: Димаш Құдайберген ерекше жанкүйерімен кездесті (ВИДЕО)

Фото: видеодан алынды

Жас тыңдарман онымен кездесуді бала кезден армандаған.

Әлемге танымал әнші, қазақ елінің мақтанышы Димаш Құдайберген Ақтауда өткен «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатына арнайы келіп, ерекше әсерлі кездесуге себепкер болды,-деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Димаш салтанатты шарадан кейін 23 жастағы мүмкіндігі шектеулі жанмен кездесті. Ерекше жанның көптен бергі арманы — сүйікті әншісімен жүздесу болған. Бұл арманы дәл осы тарихи күнде орындалды. Кездесу барысында Димаш баланың анасына гүл шоғын тарту етіп, шынайы лебізін білдірді.

"Сенімен кездесуді кішкентай кезімнен армандадым. Алладан сұрадым. Сол әніңді тыңдап белім жақсы болып келе жатыр", - дейді ақтаулық тындарман.

Димаш Ақтаудағы гала-концертте "Махаббат бер маған, тағдыр" дегенін әнін қосылып шырқаған видеосын кездейсоқ көріп қалған.

"Сенің видеоңды бүгін шығар алдында көріп қалдым. Ағаларымызға рақмет, өтінішімді жерге тастамай, бауырымды тауып беріп, ұшар алдында кездесу ұйымдастырды", - дейді әнші.

Ал анасы да қуанышты екенін атап, ізгі ниетін жеткізді.

"Ұлым көптен бері Димашпен кездесуді армандап келді. Бұл күні арманы орындалды. Ұлымның қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Димашқа аналық алғысымды білдіремін", — деп тебіренісін жеткізді.

Димаш өзінің өнеріне болысып жүрген қазақ жігітіне алғысын білдіріп, қолындағы білезігін сыйға тартты. Кездесу соңында Димаш пен фанаты “Махаббат бер маған, тағдыр” әнін қосыла шырқады.