Қазақ қызына тән емес, жабық тақырып деген секілді көп сынға да қалдым.
Эротикалық сипаттағы өлеңдері арқылы танылған ақын Асылзат Арыстанбек өзіне дейін де кейін де бұл жанрда ешкім өлең жаза алмағанын айтты. Бұл туралы ол “Adal Adam” You Tube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ақынның айтуынша, поэзияны шектеуге болмайды.
”Эротикалық бағытта өлеңдер жазғанмын. Қазір жазып жүрген жоқпын. Өлең жазбағалы біраз болды. Қазақ қызына тән емес, жабық тақырып деген секілді көп сынға да қалдым. Жалпы төсек қатынасы өмірде бар ғой. Сондықтан өмірде бар құбылысты жырлауда ақынға шектеу жоқ. Ләззәт алу, сүйіну, күйіну, ренжу, қызғану өмірде болса, біз қалайша ақынға мынаны жаз, мынаны жазба деп шектей аламыз. Оның үстіне ол анайы жазылған дүние емес, кәдімгі бір поэтикалық тұрғыда, жоғары деңгейде жазылған. Олай жаза алған адам жазды. Мен жаза алдым деп ойлаймын. Одан дейін де, кейін де ол жанрда сондай бір көркемдік деңгейде жазған адам қазақ қыздарының арасында болған жоқ. Ондай өлең керек болмаса, мына ақын жазбасын десеңдер неге бір-бірлеріңе жекелеріңе жолдап, жатқа айтып жүрдіңдер? Ол — поэзия. Поэзияға бәрі де сыяды. Онда сен боқтап та, даттап та жазасың. Менің осы бағыттағы өлеңдерімді әлеуметтік желіде тақырып арнап талдағандар да жақтағандар да болды. Жақтап тұрса да айта алмайтындар да болды”, — дейді ол.
Асылзат Арыстанбек өзінің эротикалық өлеңдерін Фариза Оңғарсынова да оқығанын тілге тиек етті.
”Менің “күрең атың шөлдесе” деген өлеңдерімді Фариза Оңғарсынова да оқыды. Ол кісіге мені сол кезде өзі апалы-сіңлілі секілді араласып жүрген Елена Әбдіқалықова сырттай таныстырған екен. Осындай сіңліңіз бар, эротикалық сарында өлең жазады, көпшілік қабылдай алмай жатыр деген кезде, апай “ол ақын, не жазса да жарасады, нағыз поэзия тілімен жазылса, жазуға қақысы бар” депті. Фариза апамыз бетіме келіп, сені қолдаймын деп ештеңе істеген жоқ. Бірақ, мен оны соншалықты рухани деңгейде сезінетінмін. Фариза апай кеткеннен кейін енді қазақ ақындарының күні не болады деген құлазу басталды. Фариза апай көп жағдайда ақындарды қорғап тұрды. Шабытта поэзияға орын берілетін. Қазір шабытта тіпті әдебиет саласын алып тастады. Барлық ақынды аты-жөнімен білетін. Фариза апай бар кезде барлық ақын еркін жүрді деп ойлаймын. Қазір Фариза Оңғарсыновадай қазақ ақындарын қорғап жүрген адам жоқ”, — дейді ол.