$ 515.03  584.82  6.24

Башқұрт феномені: «Homay» әнін орындаушылар Қазақстанда тегін өнер көрсетпек

Кіру – тегін.

Фото: Ay Yola
Фото: Ay Yola

Биыл 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні ерекше форматта өтпек. Ауқымды мерекелік іс-шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Бірлігі жарасқан Алматы» атауымен ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мерекенің басты орны – Республика сарайы алдындағы Абай алаңы. Іс-шаралар сағат 10:30-дан кешкі 21:00-ге дейін өтеді. Кіру – тегін.

Этномәдени әртүрлілікті танытатын концерттік бағдарлама

11:00 мен 12:15 аралығында бас сахнада еліміздің этникалық және мәдени байлығын көрсететін шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар өнер көрсетеді. Бағдарламада халық және заманауи билер, аспаптық және вокалдық шығармалар, сондай-ақ мәдениетаралық попуррилер ұсынылады.

Көрермендер L Duo дуэтінің, дарынды пианист Темірлан Бейсенбайдың (Ratovich), «Diamond» струнды триосының, дудук орындаушысы Мейірман Абдрахманұлының, «Дервиши», «Made in KZ» топтарының және Башқұртстаннан арнайы келген «Ay Yola» тобының өнерін тамашалай алады. Күндізгі бағдарламаны Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева түйіндейді.

Этнофлешмоб, ұлттық билер және кешкі шоу

12:15 пен 16:00 аралығында мерекелік бағдарлама этномәдени бірлестіктердің қатысуымен жалғасады. Бұл бөлімде халық билері, флешмобтар мен этникалық музыкалық композициялар орындалады.

Кешкі сағат 19:00-де Абай алаңында елге танымал әншілер қатысатын үлкен шоу-концерт өтеді. Шараның басты жұлдызы – Айқын Төлепберген. Сонымен қатар Бүркіт, Марсель, Думан Марат және Мархаба Сәби сахнаға шығады. Көрермендер жанды дауыстағы әндер мен әсерлі атмосфераға куә болады.

Қосымша шаралар мен фотокөрме

Абай алаңында «Единство народа в фокусе» атты фотокөрме ұйымдастырылады. Мұнда келушілер Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи сәттерімен таныса алады.

Сонымен қатар 1 мамыр күні сағат 10:00-де Тұңғыш президент саябағында бірлік жарысы өтеді. Жарысқа 300 адам қатысады. Бұл бастама да Ассамблеяның 30 жылдығы мен бірлік күніне арналады.

Мереке қаланың барлық аудандарын қамтиды

Алматының барлық 8 ауданында да әлеуметтік жәрмеңкелер, спорттық жарыстар, абаттандыру акциялары мен қайырымдылық шаралар жоспарланған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары