11.05.2025, 15:30

Дана Нұржігіт: Батыр ардагерлерге тиесілі орында блогерлердің отырғаны ұят

Коллаж: sn.kz

Ол керісінше шеруге халықтың келуіне мүмкіндік берілу керек екендігін айтып, ұйымдастырушыларды сынап тастады.lfyf 

Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт Астанада өткен әскери шерудегі жағдайды сынға алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат агенттігі. 

Тележүргізушінің сөзінше, ұлы қанша өтінгенмен, шеруге  апара алмаған.  Себебі, ол жерге кіре алмай кететінін анық білген. 

«Әскер көшіп, шаң басылғандағы ойлар.  Отан қорғаушылар күніне орай өткізілген парадқа кіре алмайтынымызды білдім. Бір күн бұрын сол көшеде баламыз екеуміз жүріп, дайындап қойған трибуналарды, тізілген техниканы, әскерилерді көрген едім. Ұлымның тұла бойын мақтаныш кернеп, «Мынау біздің әскер ғой, мам! Ертең парадқа барайықшы!» деп өтінді. Бірақ мен ертең баратын болсақ, бұл қуанышы су сепкендей басылатынын білдім. Өйткені, мені қойшы, тыл ардагерлерінің өзін мұндай күні төрге оздырмайтынын білгенмін. Міндетті түрде қарбаласта бір шикілік шығады. Жан жақ қоршалады, қауіпсіздік шаралар күшейтіледі. Кіре алмай үйге қайтып келесің. Шаршап. Ананы ұмытқан, мынаны тізімге қоспаған деген ұйымдастырушылық қателер көп болады мұндайда»,  — деп жазды журналист. 

Ол керісінше шеруге халықтың келуіне мүмкіндік берілу керек екендігін айтып, ұйымдастырушыларды сынап тастады. Сөзінше, әскери парадты әдемі видеодан қарағаннан, көзбен көрген әлдеқайда әсерлі, әрі халықты біріктіреді, барлық адам бір көңіл күйде болады. Экс-сенатор,  батырлар, тың, еңбек ардагерлері отыратын орынға блогерлердің қаптап отыруын да сынға алды. 

«Шындап келгенде осындай салтанатты шеруді көпшілік көру керек! Ортасында жүру керек! Бұл сәтте бүкіл халық бір күйге түседі, бірліктің не екенін ұғынады, сезінеді. Ал балалар үшін бұл өте қажет сезім. Бойын Отанына деген құрмет, азаматтық мақтаныш кернейді. Тәрбиелік мәні зор шараны асқан ұқыптылықпен, жауапкершілікпен ұйымдастыру, оның видео нұсқасын жасау маңызды әрине. Бірақ, оның бірлік, тәрбиелік мәні де ескерусіз қалмаса деймін. Ал мереке соңында тыл ардагеріне тиесілі төрде блогерлердің отырғаны анықталғаны ұят енді…Шын батырлар солар ғой!», - деп жазды Дана Нұржігіт.