13.05.2025, 17:40

Олимпиада чемпионы Елдос Сметов карьерасын аяқтай ма

Фото: olympic.kz

Турнирдің дәрежесі жыл сайын артып келеді.

Астанада өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінен кейін Олимпиада чемпионы Елдос Сметов жанкүйерлеріне үндеу жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы

Елдос Сметов Лондоннан елге оралғанын айтып, қазақстандық дзюдошыларға жанкүйер болғанын жеткізді. Оның айтуынша, биылғы турнирдің деңгейі былтырғыдан да жоғары болған.

Қазақстанға оралып, елордамызда үшінші рет ұйымдастырылған Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысында бауырларыма жанкүйер болдым. Турнирдің дәрежесі жыл сайын артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысып, балуандарымыздың белдесуін тамашалауы - біз үшін үлкен құрмет. Бұл бізге ерекше серпін береді. Биыл құрама 9 медаль жеңіп алды. Жас дзюдошыларымыз да жүлделі орындардан көрініп, тәжірибелі балуандардың жолын лайықты жалғастырып келеді. Әсіресе 60 келі салмақтағы спортшыларымыз "қазақтың салмағы" деген атақты сақтап қалды, - деді Елдос Сметов.

Ол алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғауға бар күшін салатынын жеткізді.

Еске салайық, 9-11 мамыр аралығында өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде Қазақстан құрамасы 3 күміс және 6 қола медаль жеңіп алды.