$ 509.51  570.6  6.3

Қазақ қызы «Әзірбайжан дауысы – 2025» байқауының финалына өтті (ВИДЕО)

Санат – Қазақстаннан қатысып жатқан жалғыз өнерпаз.

Фото: ЮНА
Фото: ЮНА

2025 жылдың 18 мамырында Атырау қаласынан шыққан 20 жастағы Санат Асуат «Әзірбайжан дауысы – 2025» халықаралық музыкалық шоуының жартылай финалында тамаша өнер көрсетіп, байқаудың финалына жолдама алды. Жоба басталғалы бері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан Санатты Қазақстан халқы зор үмітпен қолдап отыр. Бұл – оның өнеріне арналған бейнероликтердің астындағы жүздеген пікірден-ақ байқалады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Аталған байқау биыл ақпан айында басталып, төртінші маусымда басты сахнаға шығу үшін Әзірбайжан, Қазақстан, Грузия, Түркия, Ресей және Украина елдерінен келген талантты вокалистер бақ сынауда.

Санат – Қазақстаннан қатысып жатқан жалғыз өнерпаз. Ол «Көрмей тыңдау» кезеңінен бастап-ақ қазылар мен көрермендердің ерекше назарын аударған. Үлкен сахнадағы тәжірибесі аз болса да, әртүрлі музыкалық стильдер мен репертуарларды сәтті игеріп, өзінің кәсіби деңгейін көрсетіп келеді. Жартылай финалда Санат Самира Эфендидің репертуарынан алынған Mata Hari әнін орындады. Айта кетейік, Самира Эфенди – «Евровидение-2021» байқауында халықаралық танымалдыққа ие болған әзірбайжандық әнші.

Шоудың финалдық кезеңі 25 мамырда өтеді. Санат дайындықты жалғастырып жатыр, дегенмен жартылай финал алдындағы кезең оңай болмаған. Ол қазіргі таңда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті. Байқауға қатысуымен қатар, сессия тапсыруы да оның уақытына үлкен салмақ түсірген. Репетициялар, материалмен жұмыс және сахналық образ дайындау – барлығы қысқа мерзімде қатар атқарылған.

Айта кеткен жөн, жеңімпазды анықтау тек әзірбайжандық байланыс операторларының sim-карталары арқылы берілген дауыстарға байланысты жүзеге асады. Сондықтан Қазақстаннан дауыс беру мүмкін емес.

Дегенмен, Санат соңғы бес күн ішінде халықаралық The Voice рейтингтерінде «Аптаның үздік өнер көрсетулері» қатарына енді. Оның алты қойылымының төртеуі музыкалық франшиза продюсерлерінен жоғары баға алды. Қазақстан мен өзге елдердегі жанкүйерлер Санаттың жеңісіне зор үміт артып отыр.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары