"Мәдениет министрлігі мұндай орындаушылардың әндерін сахнадан алып тастауға тиіс".
Танымал заңгер Нұрсұлтан Орынбек есірткі қолданғаны үшін ұсталған Qаrakesek жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, мұндай әртістердің шығармашылығы жастарға теріс ықпал етеді.
"Жақында Ақтөбеде Qаrakesek ұсталды. Қылмыстық ісі әкімшілік іске ауысты. Дегенмен, осындай адамдарды сахнадан, эфирден, түрлі платформалардан аластау керек. Оның әндері жастар арасында кең тараған. Мысалы, «Әппағым, сенен артығын таппадым» деген әні сырттай махаббат туралы сияқты көрінеді. Бірақ ел арасында ол есірткіні астарлап насихаттайды деген әңгіме бар. Сондықтан Мәдениет министрлігі мұндай орындаушылардың әндерін сахнадан алып тастауға тиіс", – деді заңгер "AMANAT" партиясының жастар кеңесінде.
Кейін бұл мәселеге қатысты мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов жауап берді. Ол жастар арасында есірткіні романтизациялау фактілері бар екенін жасырмады.
"Qаrakesek-ке қатысты маған да «әндерін мас күйінде жазған» деген пікір айтылды. Бұл әркімнің өз ойы болуы мүмкін. Бірақ, екінші жағынан, біз мұндай жағдайға қарсы сақтық шараларын қабылдауымыз керек. Әртістерді қадағалап отырамыз, алайда оларды қоғамның өзі де шеттетуі қажет. Қоғам белгілі бір дүниені өзі романтизациялап жатады. Мәселен, «Шекер» сериалынан кейін де пікір екіге бөлінген болатын", – деді вице-министр.