Актриса такси жүргізуші болып істейтін жігіттің өзіне деген ыстық ықыласын айтып, көрсеткен көмегі жайлы баяндап берді.
Танымал актриса Жұлдызай Дүйсенбиева журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында бейтаныс жігітті қалай қуантқанын айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Актриса такси жүргізуші болып істейтін жігіттің өзіне деген ыстық ықыласын айтып, көрсеткен көмегі жайлы баяндап берді.
«Әдетте такси жүргізушілерге бір жерге тоқтаңызшы десең, ұрсып шыға келетіні бар. Бір күні жас жігітке інім, жолдан гүл алып алуым керек еді деп едім, сөзге келместен апай жолдан емес, ана жерден аламыз деп бұрылды. Сіз отыра беріңіз, ақшаңызды берсеңіз, мен әкеліп беремін деді. Гүлімді де, қалған ақшаны да әкеліп берді. Қап, конвертті ұмытып кетіппін ғой дей бер едім, басқа жерге барып, конвертімді де жеткізді. Енді бір сондай жүзі жылы, жақсы бала екен», - деді актриса.
Содан әңгімеден әңгіме шығып, таксист жігіт жақында өзінің тойы болатынын, оған Жұлдызайды шақырғысы келетінін айтқан.
«Сізді тойға шақырсам деймін, бірақ сізге ақшам жетпейтін шығар, ә? деді. Ішімнен біртүрлі болып қалдым. Тойың қашан еді деп сұрадым. Көмекшім Әлидің нөмірін бердім. Тойға қарсы хабарлас, егер сәтін салып жатса, тойыңа барайын дедім. Ішімнен сол уақытқа Шымкентке бір жұмысым шығып қалса жақсы болар еді деп ниет еттім. Бірақ ешқандай жұмысым шықпады. Әлиге 2 күн қалған жазыпты. Сен оған айтып қой, алдымнан шығып күтіп алсын дедім. Атын да білмеймін ғой ең болмаса. Сонымен арнайы көлік жалдап бардым. Тойға кіріп барып едім, ана баланың әке-шешесі жылап жіберді. Баламыз Жұлдызай келе жатыр дегенде сенбеп едік деп ағынан жарылды», - деп түйіндеді Жұлдызай Дүйсенбиева.