Елімізде Димаш Құдайбергеннің бастамасымен және ҚХР-ның Hunan Broadcasting System бірлескен халықаралық «Voice Beyond Horizon» жобасының түсірілімі өтіп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
ҚР Президентінің кеңесшісі Әсел Жанасова бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа парағын ашатынын және туризм саласында ерекше маңызға ие екендігін атап өтті. Ол Қазақстанды шетелде дәріптеудегі баға жетпес үлесі үшін Димашқа алғысын білдірді.
Жоба Қазақстанның 6 өңірін қамтиды. Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстары, сондай-ақ Алматы мен Астана қалалары. Оған Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия өнерпаздары қатысты.
Осы жоба аясында көптеген құнды дүниелер мәдениет және туризмді дамыту тұрғысынан атқарылды деп ойлаймын. Байқауда қатысушылардың вокалдық мүмкіндіктеріне ғана ден қойылмай, еліміздің көрнекті жерлерін көрсеттік. Туризм дамыса, экономикамызға үлкен септігін тигізеді деген ниет, - деді Димаш Кұдайберген.
Орындаушылар пойыз арқылы елімізді аралап, туристік орындармен кеңінен танысқан. Түсірілімдер Karavansaray кешенінде, Каспий теңізі жағалауында, Бозжыра шатқалында, Көбейтұз және Қайыңды көлдерінде, Саты ауылында, Қапшағай су қоймасында және Щучинск-Бурабай курорттық аймағында өтті.
Баспасөз мәслихатында Даниел Сержанұлы Қытай туристерінің елімізге деген қызығушылығы артқанын атап өтті. ҚХР ірі іздеу жүйесі Baidu деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан жайлы ізденістер саны тәулігіне орта есеппен 420-430 мыңға жеткен.
Бұл Қазақстанның туристік әлеуетіне деген қызығушылық шекара маңындағы аумақтармен шектелмей, Қытайдың экономикалық тұрғыдан дамыған өңірлерін де қамтығанын көрсетеді. Жаңа «Voice Beyond Horizon» жобасы еліміздің туризмін миллиондаған аудиторияға одан әрі таныстырады. Біз осы жобаның негізгі түсірілім орындары бойынша туристік маршрут құруды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаның түсірілім жұмыстарына белсенді қолдау көрсеткен 6 өңірдің әкімдіктеріне және Қазақстанның сұлулығын әлемге танытқан ауқымды жұмыс үшін Hunan Broadcasting System-ге алғыс білдіремін, – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.