30.09.2025, 04:30

«Мешітте, подъезде тұрдым»: Тұңғышбай Жаманқұлов белгілі актердің 4 жыл бойы оқу ақысын төлеп берген (ВИДЕО)

Фото: Instagram/Серік Абас-Шах

Осылайша, Тұңғышбай аға төрт жыл өзі оқытты.

Танымал қоғам қайраткері, белгілі продюсер Серік Абас-Шах актер Серік Пірназар мен Тұңғышбай Жаманқұлов туралы сырымен бөлісті.  Продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың ел білмейтін сырымен бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«2010 жылы мектеп бітіріп, арман қуып Алматыға келдім. Қалаға ғашық болдым. Ол уақытта әскери оқуға 1 жыл бойы құжат жинаған едім. Сосын сол әскери оқуға түстім, бірақ менікі емес екенін түсіндім. Қатты қиналып кеттім. Сөйтіп, оқуды тастадым. Қызылордаға қайтып, ол жақта техникалық колледждің студенті атандым. Бірақ оны да аяқтамадым.

Ақұзақ деген досым «Сенің түрің бар, даусың бар. Мүмкін (“Өнер академиясына” барайық) бағыңды сынап көрерсің» деп ұсыныс жасады. 

Тұңғышбай Жаманқұлов ұстазым шеберханасына қабылдау жүргізіп жатыр екен. Емтихан тапсырдым. Ол кісі мені бірден ұнатты. Ағайдың курсына емтихан тапсырдым. Бірақ грант бұйырмады. Алматыда еш туысқаным жоқ. Мешітте, подъезде тұрдым. Бір баламен жақсы араласып қалсам, соның үйінде бір аптадай жататынмын. Тағы бір жігітпен сөйлессем, соның үйіне барамын. Бар үмітім грантқа түсу еді. 88 балл жинап, грантқа түсе алмадым.

Ертеңіне академияға бардым, грантқа түскендерді хабарлап жатыр екен. Оның ішінде менің атым жоғын білемін. Бірде бір бала: «Тұңғышбай аға сені шақырып жатыр» деп жүгіріп келді. Бармаймын деп едім, ағаның өзі хабарласты. Қолымдағы пакетімді ұстап бардым. Тұңғышбай аға академия деканына маған грант беріп, алып қалуды ұсынып жатыр. Ол грант жоғын айтты. Сол кезде Тұңғышбай аға: “Оқи бер, ақшасын өзім төлеймін” деді. Бәрі қуанып кетті. Кадр бөліміне келіп, құжат тапсырдық. Осылайша, Тұңғышбай аға төрт жыл өзі оқытты», — деп жазды ол.