13.11.2025, 12:20

«Музыка – бәріміздің ортақ тіліміз»: Димаш Құдайберген Ұлыбритания басылымына сұхбат берді

Фото: dimashnews.com

Әнші өз шығармашылығындағы мәдениеттер тоғысы, жаңа жобалары және халықаралық сахнадағы тәжірибесі туралы айтты.

Әлемге әйгілі қазақ әншісі, композитор әрі мультиинструменталист Димаш Құдайберген Лондондағы жеке концерті қарсаңында Ұлыбританияның мәдени басылымы «The Upcoming» журналына сұхбат берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Димаштың пікірінше, музыка – тіл мен мәдениет шекарасын жоятын әмбебап құрал. Ол әр тыңдарман өз жүрегіне жақын әуен таба алатын концерттік бағдарламалар жасауға тырысатынын атап өтті. Әртіс үшін жанрлық шектеу жоқ: оның шығармашылығында опера, поп, рок, фольклор және заманауи бағыттар тоғысады.

– Мен өз өнерімді белгілі бір қалыпқа сыйғызуға тырыспаймын. Керісінше, түрлі жанр мен мәдениетті біріктіріп, халықтардың рухани байланысын көрсетуге ұмтыламын, – деді әнші.

Димаш 12 қарашада Лондонның әйгілі OVO Arena Wembley сахнасында өтетін жеке концертіне дайындалып жатқанын айтты. Ол бұл концертті өзінің шығармашылық жолындағы жаңа белес деп санайды.

Әнші сұхбатта тіл мен мәдени айырмашылықтарға қарамастан, көрерменмен байланыс орнату оңай екенін де атап өтті:

– Музыка – бәріміздің ортақ тіліміз. Ән шырқай бастаған сәттен-ақ барлық кедергілер жойылады, – дейді Димаш.

Сондай-ақ ол 2026 жылы жарық көретін «Voice Beyond Horizon» атты алғашқы продюсерлік жобасы туралы айтты. Қытайдың Hunan Broadcasting System телеарнасымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бұл жоба халықаралық әртістерге Қазақстан мәдениетін өз көкжиегі арқылы танытуға мүмкіндік береді.

– Менің мақсатым – көрерменнің жүрегіне туған елімнің сұлулығын жеткізу, – деп түйіндеді ол.