Ол қазіргі тойларға көңілі толмайтынын атап өтті.
Белгілі абайтанушы Омар Жәлел қазіргі тойларда қонақтарды өзіне қарату үшін автократиялық, тоталитарлық әдіс қолданылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«20-ғасырда палатқада өткен тойлар әлдеқайда мағыналы болатын. Өйткені қонақтардың тойдан қарны ғана емес, көңілі тойып қайтатын. Халықтың тойы еді. Кәдімгідей ол тойға дайындалатын. Ешқандай әнші шақырылмайтын. Арнайы асаба да болмайтын. Сол ауылдың жігіті басқара береді. Халық керемет демалып қайтатын. Ән айтып, ішіндегі шерін шығаратын. Көңілін емдейтін», - деп бастады әңімесін Омар Жәлел.
Ол қазіргі тойларға көңілі толмайтынын атап өтті. Айтуынша, музыканы қатты қоятыны соншалық, қасыңдағы адаммен де сөйлесе алмайсың.
«Бұл әдейі істелінеді. Жаппай психозға шалдықтыруды көздейді. Сен сол жердегі ахуалдан шықпауың керек. Адамдарға сөйлесуге мұрша берілмейді. Барлығы той басқарушының аузына қарап отыру керек. Соның ыңғайымен жүріп-тұрып, ығына жығылу керек. Бұл тойдағы автократиялық, тоталитарлық әдіс қой», - деп түйіндеді абайтанушы.