Әлемнің сегіз тіліне аударылған «Бәйшешек» кітабы бестселлерге айналды.
Бұл туралы жазушы Жәмиля Бақытиярқызы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Автордың айтуынша, «Бәйшешек» – мотивациялық, заманауи self-help жанрында жазылған шығарма.
– Бұл кітап – адамның өзіне қолдау көрсетуі, өмірді жақсы көруі, өзіне мотивация бере алуы жайлы. Шығарма өз өміріме негізделген. 10 жыл бойы неврология дертімен күресіп, ақыры жеңіп шықтым. Сол сыннан өткен соң «Өмірге не үшін келдім?», «Неге тағы бір мүмкіндік берілді?» деген сұрақтар мені ойландырды. Кітапты жазуыма да осы жағдай себеп болды, - деді ол.
Жазушының айтуынша, кітапты жазуға екі ай уақыт кеткен. Автор күнделіктерінде жазылып жүрген ойларды жинақтап, толыққанды шығармаға айналдырған.
– Оқырман тарапынан мұндай сұраныс болады деп ойламадық. Кейін елшіліктер тарапынан ұсыныс түсіп, кітап 8 тілге аударылды, - деді Жәмиля Бақытиярқызы.
Сонымен қатар «Қарлығаш. Махаббат ескерткіші» атты екінші кітабының таныстырылымына қазақтың көрнекті қаламгері Дулат Исабековтің қатысуы оған ерекше әсер еткенін айтты.
– Жазушының батасын алып, тілегін есту – мен үшін үлкен бағдар болды. Сол кезде Дулат ағамыз маған жадымда ерекше сақталып қалған екі сөз айтты: «Жәмиля, әдебиетке кіретін есік бар, шығатын есік жоқ» және «Біреуге жағам деп емес, өзің үшін жаз. Жүрегіңнен шыққан дүние ғана оқырманға жол табады», - деді ол.
Бағдарлама барысында автор танымал әнші Нұрлан Өнербаевқа туыстығы туралы әңгімеге қатысты пікір білдірді.
– Шынымен де ол – менің екінші әкем. Әкемнің туған ағасы ретінде біздің әулеттің үлкені саналады. Оған деген құрметім ерекше. «Бәйшешек» кітабындағы алғысөздегі ақ бата да сол кісінікі, - деді жас жазушы.
Сонымен қатар ол қазіргі жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы туралы айтты.
– Жастардың түрлі кітап клубтарын ашып, қазақ және әлем әдебиетіне қызығушылық танытып жүргенін жиі көремін. Бір-бірімен жарысып кітап оқитыны қуантады. Сондықтан кітап оқитын жастар жоқ емес – бар. Тек смартфон мен технологияның дамуы сол көрсеткіштің санын сәл азайтқан болуы мүмкін, - деді ол.