28.12.2025, 02:30

«Достан да, шәкірттен де сатқындық көрдім»: Айгүл Иманбаева ауыр сынағымен бөлісті (ВИДЕО)

Коллаж: SN.kz

"Мен өмірімде ешкімнің ала жібін аттамаған адаммын". 

Белгілі әнші Айгүл Иманбаева биыл өз өмірінде болған ауыр сынақтармен бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесінің айтуынша, бұл жыл оның өмірінде «тазару жылы» болған.

«2025 жылды көпшілік маска шешілетін, тазару жылы деп жатыр. Мен де соған келісемін. Өйткені өз басымнан иттіктің, сатқындықтың неше түрін өткізіп жатырмын. Осы жылдың біткенін күн санап күтіп отырмын. 2025 жылға аман-есен жетсек екен деймін. Достан да, шәкірттен де сатқындық көрдім. Тіпті 25–35 жыл бірге жүрген достарымнан да күйзеліс көрдім. Сондықтан мұның бәрі осы жылмен бірге кетсін деп тілеймін.

Әрине, өз-өзіме есеп беріп, қай жерде қателік жібергенімді ойландым. Мен өмірімде ешкімнің ала жібін аттамаған адаммын. Тілімнен, ниетімнен, ойымнан қателік кетті ме деп талдадым. Бұл жыл мен үшін нағыз сынақ жылы болды. Енді жаңа жыл жақсылығымен келсе екен деймін.

Мүмкін, бұл — үлкен бір белесті өткеру үшін Алла тағаланың жіберген сынағы шығар. Сондықтан мойымай, қабылдау керек. Егер сіз үшін де бұл жыл тазару немесе беташар жылы болса, оған да қуанған дұрыс. Жаңа жыл құтты болсын!» — деді әнші.

Сондай-ақ ол видеоның астында жазба қалдырды:

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар Еңбегің мен ақылың екі жақтап».

«Уақыт бәрін өз орнына қояды дейді ғой… Биыл бәрі өз орнын тапқандай. Кейбірі алыстады, кейбірі жақындады. Ал шынайылары ғана қасымда қалды. Ал сіздерде жыл соңындағы өзгерістер қалай өтті?» — деп жазды өнер иесі.