Көпшілік блогердің сөзін орынсыз әрі әдепсіз деп бағалады.
Әлеуметтік желіде блогер Ұлдана Жиенқұл қазақ киносының аңызы, жақында өмірден өткен Асанәлі Әшімов туралы даулы мәлімдеме жасап, көпшіліктің наразылығына тап болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Блогердің айтуынша, «Қыз Жібек» фильмінде Бекежанның рөлін сомдаған актердің «баласыз қалуы» – халықтың қарғысымен байланысты. Ол Асанәлі Әшімовтің өз сөзін мысалға келтіріп, «қазақта “тұқымыңмен бірге құрып кет” деген қарғыс бар» деп, актердің өмірін осы түсінікпен байланыстырған.
Алайда бұл пікір желі қолданушыларының ашуын туғызды. Көпшілік блогердің сөзін орынсыз әрі әдепсіз деп бағалады.
Пікір қалдырғандар:
«Көргенсіздік! Мұндай сөзге заңмен шара қолдану керек»,
«Қасиетті адамның өмірін талдайтындай бұл қыз кім?»,
«Ол – кино рөлі ғана, шын өмірмен шатастырмау керек»,
«Асанәлі Әшімовтің Олжас есімді ұлы бар, Сағидың де ұрпағы бар. Демек, тұқымы үзілген жоқ», деп жазды.
Желі қолданушылары блогердің аңыз тұлғаға қатысты мұндай ауыр сөз айтуын орынсыз деп санап, қоғам алдында жауапкершілік болуы керегін атап өтті.