Режиссердің экс-әйелі тұңғыштарының шетінеп кеткенін жасырмады.
Танымал режиссер Ақан Сатаевтың бұрынғы әйелі жеке өміріне қатысты біраз шындықтың бетін ашты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Режиссердің экс-әйелі тұңғыштарының шетінеп кеткенін жасырмады.
"Біздің тұңғыш қызымыз болды. Оған Томирис деген ат бердік. Ол туылғаннан кейін көп өмір сүрмей шетінеп кетті. Бұл жағдай маған ауыр тиді. Әлі күнге дейін ойласам жүрегім ауырады. Томирисім жайлы күн сайын ойлаймын. Сол сәттен бері не үшін, қалай деп көп ойландым. Содан кейін исламды тереңірек зерттедім", - деді ол.
Назира Бақаева Ақан Сатаевпен ажырасудың бірден бір себебі актриса Альмира Тұрсын екенін ашық айтты.
"Иә, қазір аудитория үшін ашық айта аламын, бұл – ажырасуымыздың негізгі себептерінің бірі болды", – деді ол.
Режиссердің экс-жары әрі актриса Назира Бақаеваның айтуынша, Ақан Сатаев қазір Альмира Тұрсынмен бірге тұрып жатыр. Десе де ол үй атадан қалған, әулеттің отбасылық үйі еді дейді.
“Бұл жағдай әлеуметтік желілерден-ақ көрініп тұр. Шамасы, өзгелер үшін бұл құпия емес. Ол үй атадан қалған, отбасылық, жалпы әулеттің үйі. Ол үй біздің балаларымызға қалуы керек деп келіскенбіз. Бұрынғы жұбайыммен осындай ауызша келісім болған. Балаларымыз материалдық тұрғыда қорғалған деп ойладым. Тіпті кез келген уақытта сол үйге барып, балаларыммен араласуға, отбасылық мерекелерді, туған күнін бірге атап өтуге де мүмкіндігім болады деп сендім. Соңғы сәтке дейін сондай сенім болды. Бірақ ол үйде жаңа отбасы пайда болған соң, онда бару өзіме де ыңғайсыз”, – дейді Бақаева.
Сондай-ақ ол қазір балаларымен ол үйде емес, көлік ішінде кездесетінін жеткізді.
“Шынымды айтсам, қазір балалармен кездесуге барсам, олармен үй ішінде емес, сыртта, көлігімде жолығамын. Әрине, үйге кіруге ешкім тыйым салған жоқ. Бұрынғы жұбайым да, оның жары да маған "келме" деп айтқан емес. Бұл өзімнің таңдауым, шыны керек ыңғайсызданам. Себебі ол үйде мен ұзақ жылдар бойы үй иесі болдым. Сол жерде қайын ата-енеме қарадым. Оларды соңғы сапарға шығарып салдым. Көз жұмған кезде көз алдымда болды. Ол үйдің әр қабырғасы, әр бұрышы, әр заты жылдар бойы бірге құрған отбасының белгісі еді. Мен ол отбасымен бірге қартайып, сол шаңырақта өмір сүремін деп ойладым”, – дейді актриса.
Бақаева адамдардың жеке өміріне араласпауды жөн көргенін айтты.
“Адамдардың өміріне араласпау, кедергі келтірмеу деген ұстанымды таңдадым. Бірақ бұл шешімге келу маған да оңай болған жоқ. Бұл сұрақты ата-анам, жақындарым да қойды. Алайда ажырасу кезінде көптеген әйел жасайтын сценарийді қайталағым келмеді. Ақанға ол үйде қалғым келмейтінін айттым. Өзімді "тасталған", "ажырасқан" әйел рөліне қойғым келмеді”, – дейді Бақаева.Бақаева өзін таңдап, өз жолымен кеткенін айтты.
“Әрине, бес баланы тоғыз ай көтеріп, әрқайсысын екі-үш жыл емізіп, өсірдім. Балалардың әкесінің аты, тегі, әулеті бәрі сол күйінде қалды. Мен бәрібір олардың анасы болып қала беремін. Балалар анасын жақсы көреді. Ананың балаға деген махаббаты туралы айтудың өзі артық. Сондықтан мен бұл әлеуметтік, әулеттік сценарийді өзгертемін деп шештім. Мен өз рөлімді орындап, әрі қарай өз жолыммен кеттім”, - дейді Бақаева.
Актриса экс-жолдасының жары Альмирамен бірге түскен суретін желідегі парақшасында жариялағанын айтты. Ал бұл жазба жалпы сипатта жазылғанын, екі адам арасындағы қарым-қатынастан хабар бермейтінін айтты.
“Жазбада Рамазан айында ауызашарға шақырғаны үшін алғыс айтып, Ораза ұстаған адамды тамақтандырудың сауабы мол екенін жеткіздім. Ал түрлі болжамдар мен қорытындыларды әлеуметтік желі қолданушылары өздері жасады”, – дейді Бақаева.