13.01.2026, 11:00

«Арамызда құпия бар»: Бақыт Тұрман тағы да желіні шулатты

Фото: bakyt_turman парақшасынан

Жазба оқырмандардың барлығына бірдей ұнай қойған жоқ.

Әнші Бақыт Тұрман әлеуметтік желідегі парақшасында жұбайы, белгілі әзілкеш Қайрат Әділгереймен бірге кешіп келе жатқан отбасылық өмірі жайлы ой бөлісті. Өнер иесінің бұл жазбасы желі қолданушылары арасында кеңінен талқыланып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Әншінің сөзінше, ол 20 жыл бойы түн сайын «Қайырлы түн, жаным», ал таңертең «Қалай ұйықтадың, жаным?» деген жылы лебіздермен күнін бастап келеді.

«Біреу қызығар, біреу өтірік дер. Бірақ біздің арамызда Алладан берілген, өзіміз де толық түсінбейтін бір құпия бар. Кейде қатал, кейде жұмсақ, кейде талапшыл, кейде мейірімді болып мың құбыламын. Мен мінсіз болуға міндетті емеспін. Әзіл — уақытша, ол жеңіл ирония ғана», — деп жазды Бақыт Тұрман.

Сондай-ақ әнші әлеуметтік желідегі парақшасын жеке өмірінің, шығармашылығы мен бақытты сәттерінің айнасы ретінде сақтағысы келетінін атап өтті.

«Қартайғанда Instagram-ымды ашып, қызықты да бақытты кезеңдерді көргім келеді. Бұл — менің әлемім, менің шекарам», — деп түйіндеді ол.

Дегенмен жазба оқырмандардың барлығына бірдей ұнай қойған жоқ. Кейбір желі қолданушылары қолдау білдіріп, «Дұрыс айтасыз, ұнамағандар өтіп кетсін», «Сізді кей адамдар түсінбей жатады» деп пікір қалдырса, енді бір бөлігі «Көп мақтанудың қажеті бар ма?» деген сыни көзқарас танытты. Қалай болғанда да, Бақыт Тұрманның ашық әрі шынайы ойы қоғамда отбасылық бақытты жария ету мен жеке шекараны сақтау мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.