Тележүргізуші жігіттер қауымына ерекше ескерту жасады.
Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желіде Шымкентте қайтыс болған жас қызға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы жас қыздың отбасына қайғыра көңіл айтты.
"Өзімді орныма қойып, жан дүнием алай-дүлей болды. Ойлашы, қанша арман, қанша еңбек, ата-ананың үміті бір жауыздың кесірінен далаға кетті. Заң да, тәртіп те орындалар. Қадағаланар. Жаза берілер. Ол өмір бойы темір тордың ар жағында отырса да, Нұрай қайтып келмейді. «Өлтірмей, хотя бы ұрмады ма?» «Өзі бүйткен шығар, сөйткен шығар» деген пікірлерді оқығанда төбе шашың тік тұрады… Қалай? Бәріміздің әпке-сіңліміз, анамыз, қызымыз бар емес пе? Қазақстан Республикасының Конституциясында анық жазылған: «Ең қымбат қазына — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Ешбір тірі жан соққыға да, қол көтеруге де төзуге міндетті емес. Өлген адамның күйін кешу мүмкін емес. Ал ата-ана ше? Бауыр етіңнен айырылудан ауыр жаза жоқ. Нұрайдың анасымен толық келісемін, қылмыскерге ең ауыр жаза берілсе де, ананың жүрек тыныштығы қайтып келмейді. Қайғырып көңіл айтамын. Мен әділетсіздікке, қатігездікке, дұрыс тәрбие бермеген ата-анаға, тоқтау айтпаған «доссымақтарға» өкпелімін", - деді тележүргізуші.
Тележүргізуші жігіттер қауымына ерекше ескерту жасады.
"Айтпақшы, қыздар, жігіттің артынан қалмауы, қайта-қайта іздеуі, алған бетінен қайтпауы - жігіттік емес. Бұл - сталкерлік. Заңмен қудаланады. Онлайн болсын, офлайн болсын - үлкен қылмыстың бастауы. Жігіттер! Намыс деген - күш көрсету емес. Намыс - тоқтай білу. Намыс - «жоқты» қабылдау. Намыс - әлсізге қол көтермеу. Намыс - қорғау, қорлау емес. Осыны түсінбесек - кейін тағы да кеш болады", - деді Ләйлә Сұлтанқызы.