Күдіктілер Қазақстаннан Өзбекстан арқылы шығып кеткен.
Атырау облысының полиция департаменті кісі өлтіру ісі бойынша күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайы Ақбаянның Қазақстан аумағынан Өзбекстан арқылы шығып кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Полицияның ресми ақпаратына сәйкес, Ақбаян қазіргі таңда із-түзсіз жоғалған адам ретінде іздестірілуде. Ал басты күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев халықаралық іздеуге жарияланып, «қызыл деңгейдегі» тізімге енгізілген. Аталған мәртебе оны кез келген мемлекет аумағында шекарадан өтпек болған сәтте, әуе немесе теміржол көлігіне мінгенде, сондай-ақ қоғамдық орындарда анықталған жағдайда бірден ұстауды көздейді.
Тергеу деректеріне сүйенсек, күдіктілер Қазақстаннан Өзбекстан арқылы шығып, кейін басқа мемлекеттердің аумағында да байқалған.
«Олардың қазіргі қайда екенінен хабарымыз бар. Қазір халықаралық деңгейде құқықтық процедуралар жүргізілуде. Жақын уақытта ұсталуы мүмкін», – деді полиция өкілдері.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары Ақбаянның денсаулығында белгілі бір кінәраттар бар екенін растады. Дегенмен ол заң жүзінде әрекетке қабілетсіз деп танылмаған әрі бірінші топтағы мүгедектік бойынша сот шешімі шығарылмаған.