Ер адам әкімшілік бап бойынша жауапкершілікке тартылған.
Астанада белгілі әнші Маржан Арапбаеваны соққыға жыққан азаматтық некедегі күйеуі қамауға алынды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Желіде қаңтардың басында Астанада танымал әнші Маржан Арапбаеваның қатысуымен болған оқиға туралы ақпарат тарады. Мәліметке сәйкес, әншінің азаматтық некедегі күйеуі түнгі уақытта жанжал шығарып, бейәдеп сөздер айтып, кейін тұрғын үй кешенінің ауласында әншіні шашынан сүйреген.
Астана соты ақпаратты растады, ер адам әкімшілік бап бойынша жауапкершілікке тартылған.
Мамандандырылған әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соттың мәліметінше, оқиға 4 қаңтар күні түнгі шамамен сағат 03:00-де Қабанбай батыр даңғылындағы тұрғын үйдің ауласында болған. Іс материалдарына сәйкес, ер адам қоғамдық орында жұбайын өрескел түрде балағаттап, оған күш қолданған.
Сот 1982 жылы туған Ербол Нұрмұхамбетовті "ұсақ бұзақылық" жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады. Қамау мерзімі 4 қаңтар, сағат 13:00-ден бастап есептелді.
Қамауға алудан бөлек, сот оған бір жылға шектеу шараларын белгіледі. Енді Нұрмұхамбетовке әйелді іздеуге, оған жақындауға, қоңырау шалуға, хабарлама жазуға немесе кез келген тәсілмен байланыс орнатуға тыйым салынды. Сондай-ақ ол мінез-құлқын бақылау үшін апта сайын, дүйсенбі күндері, аудандық полиция бөліміне келіп тұруға міндеттелді.