"Бақытта боламын десеңіздер, жар таңдаудан қателеспеңіздер".
Белгілі әнші Мөлдір Әуелбекова журналист Дина Төлепбергенге берген сұхбатында әйел бақытының ең маңызды тұсы – жар таңдауда қателеспеу екенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әншінің айтуынша, өмірлік серікті таңдауда өз жүрегіңнің үнін тыңдау аса маңызды.
«Бақытта боламын десеңіздер, жар таңдаудан қателеспеңіздер. Адам елдің емес, өзінің жүрегін тыңдауы керек екен. Мен 30 жасыма дейін тұрмыс құрып, ана атанғанға дейін үлкен қысымда болдым. Ағайын-туыс, дос-жаран тарапынан “қашан, қашан?” деген сұрақтар жиі қойылатын», – деді ол.
Сонымен қатар Мөлдір Әуелбекова сырттан айтылған кеңеске құлақ асуға болатынын, алайда түпкілікті шешімді әр адам өзі қабылдауы қажет екенін атап өтті. Оның сөзінше, өз өміріне жауапкершілікпен қарау – шынайы бақыттың басты шарты.