Түркістанда 6 елден келген сегіз қатысушының басын қосты.
Түркістан жерінде Димаш Құдайбергеннің продюсерлік «Voice Beyond Horizon» жобасы бастау алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Димаш Құдайбергеннің «Voice Beyond Horizon» шоуының алғашқы эпизоды шуақты Түркістанда 6 елден келген сегіз қатысушының басын қосты.
Жобаның бастамашысы әрі қазылар алқасының төрағасы ретінде Димаш әуелі өзі ашық сахнаға шығып, қатысушыларға жоғары талап қойып, өнерпаздарды жаңа белестерге жетелейтін шығармашылық бағыттың көкжиегін кеңейтті.
«Fire» авторлық композициясы тыңдаушыларға тосын форматта ұсынылып, туындылар тек ағылшын тілінде ғана емес, қытай тілінде де орындалды. Ал қазақ тіліндегі аса жылдам ырғақтағы рэп элементінің енгізілуі көрермен тарапынан зор ықыласқа ие болды.
Байқауға қатысушылар заманауи әуездегі опералық орындаудан бастап қытайдың биік таулы аймақтарына тән әуендеріне дейін, нәзік махаббат әндерінен қырғыз тіліндегі битбокс элементтері қамтылған композицияларға дейінгі түрлі жанр мен стильдегі музыкалық туындыларды орындады.
Қазақстанның атынан қатысқан Нұржас Садырбаев Димаш Құдайбергеннің авторлығымен жазылған «Самал» әнін ана тілінде орындап берді.