“Сізді өлтіріп қоя ма деп қатты қорықтым".
«Нұр-Мұқасан» тобының жаңа мүшесі Ғалымжан Сүлеймен блогер Жан Ахмадиевке берген сұхбатында өзіне жасалған шабуыл жайлы айтып берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әншінің сөзінше, оқиға кезінде ол ауыр соққыға жығылып, есінен танып қалған. Қасында болған азамат оның жағдайына алаңдап, полиция шақырғанын жеткізген.
«Жанымдағы жігіт: “Сізді өлтіріп қоя ма деп қатты қорықтым. Талып жатқанда үстіңізге шығып алып, тоқтаусыз ұрып жатты. Сосын полиция шақырдым” деді. Бірақ полиция келгенде жәбір көрген мен болсам да, алып кеткені – мен», – дейді ол.
Ғалымжанның айтуынша, тәртіп сақшылары жеткенше де соққы жалғасқан. Ол қарсы тараптың таныс-тамырлары бар деп күдіктенетінін жасырмады.
Сондай-ақ әнші уақыт өте келе оқиғаға қатысты түрлі алыпқашпа әңгімелер тарай бастағанын айтты. Оның сөзінше, кей адамдар болған жағдайды бұрмалап, өз нұсқаларын насихаттап жүр.
«Қазір той-томалақта мені жамандайтын сөздер естимін. Болған жайтты басқаша жеткізіп жүр. Екі ай өтсе де іс әлі созылып келеді», – деді Сүлеймен.
Бұл мәселеге қатысты оның қорғаушысы Инга Иманбай да пікір білдірді. Адвокат тергеу тым ұзаққа созылғанын айтып, істің заңда көрсетілген мерзімнен кешігіп жатқанын алға тартты.
«107-бап бойынша мұндай істер әдетте екі аптада, әрі кетсе бір айда сотқа жетуі керек. Алайда бізде процесс баяу жүріп жатыр. Сондықтан қарсы тараптың ықпалды таныстары болуы мүмкін деп ойлаймын. Айыпталушының өкініш білдіргенін де көрмедік», – деді қорғаушы.