10.02.2026, 16:00

Димаштың алдында ән салу өте қиын – әнші Нұржас Садырбаев

Коллаж: sn.kz

Нұржас Садырбаевтың айтуынша, әлемдік деңгейдегі әншінің алдында оның төл туындысын орындау ерекше шеберлікті талап етеді.

«Voice Beyond Horizon» халықаралық жобасының қатысушысы, талантты әнші Нұржас Садырбаев Димаш Құдайбергеннің алдында өнер көрсетудің қаншалықты қиын болғанын айтып берді, деп хабарлайды Sn.kz сайты.

Нұржас Садырбаевтың айтуынша, әлемдік деңгейдегі әншінің алдында оның төл туындысын орындау ерекше шеберлікті талап етеді.

– Біріншіден, Димаш Құдайбергеннің алдында ән салу өте қиын, өйткені ол – әлемдік тұлға. Оның үстіне сахнада өзінің жазған әнін орындадым. Сайыстың Қазақстанда өтуі жауапкершілік жүгін тіпті еселей түсті. Көрермендер «қазақтың баласы қайда, қалай айтады екен?» деп қарайды. Сондықтан ұятқа қалдырмасам екен деген ойда болдым, - дейді ол Jibek Joly телеарнасының «Bugin LIVE» бағдарламасында.

Өнерпаз алғашқы айналымда Димаштың репертуарындағы күрделі шығарманың бірі – «Самалтау» әнін орындаған. Димаш пианинода ойнаған әуеніне тәнті болған Нұржас, оны орындауға арнайы рұқсат алған. Оның айтуынша, бұл ән вокалдық тұрғыдан өте ауыр әрі үлкен дайындықты қажет етеді.

Сахналық шеберліктен бөлек, әнші физикалық дайындыққа да қатты көңіл бөлген.

– Үнемі алысып келе жатқан мәселем – салмағым. Сондықтан барынша спортпен айналысып, аз уақыттың ішінде өзімді қалыпқа келтіруге тырыстым. Негізгі кедергілердің бірі осы болды, - деп атап өтті Нұржас Садырбаев.

Нұржастың айтуынша, додада осал қарсылас жоқ, бәрі де халықаралық сайыстарда ысылған мықтылар.

Айта кетейік, аталған жобаға әлемнің 6 елінен келген 8 қатысушы бақ сынайды.