18.02.2026, 03:30

«Айтыстың қара нары 75 жаста!»: Ақындар Жүрсін Ерманға ерекше құрмет көрсетті (ВИДЕО)

Коллаж: SN.kz

"Біздің бастамамызды жоғары бағалап, алдағы жоспарларымызға ақ батасын берді". 

Танымал коуч, айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева әлеуметтік желідегі парақшасында әріптестерімен бірге Жүрсін Ерманның шаңырағына арнайы барып, мерейтойымен құттықтады деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жарияланған видеодан Айнұр Тұрсынбаевамен қатар Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезханды да көруге болады.

"Бүгін қазақ айтысының қара нары, бәрімізді әкеміздей қамқорлығына алып, сахнаға шығарған Жүрсін ағамызды 75 жылдық мерейтойымен арнайы құттықтап қайттық. Ертеңгі дүбірлі тойдың басын өзінің ақын ұл-қыздары бастап бергеніне Бақытжамал апамыз екеуі бір марқайып қалды. Ағамыздың мерейлі мерекесіне Жезқазғаннан арнайы келген ағайын-туыстары кеше ғана өзіміз өткізген «Қазақи шоу»-ды сүйсініп көргенін және жобаның жалғасын тағатсыздана күтіп жүргендерін айтты. Жүрсін ағамыз да біздің бастамамызды жоғары бағалап, алдағы жоспарларымызға ақ батасын берді. Айтыстың ақсақалы, қазақ өнерінің қара нары ұзақ жасасын!", – деп жазды Айнұр Тұрсынбаева.

Желі қолданушылары да бұл игі қадамды құптап, жылы лебіздерін білдірді.

"Жүрсін аға жап-жақсы болып қалыпты ғой. Алла өмірін ұзақ етсін", "Не деген әсерлі көрініс", "Мерей той құтты болсын! 100 жасасын!", "Керемет құттықтау, мерей той құтты болсын!", "Мына үйден қазақтың иісі шығып тұр", – деп жазды олар.