06.03.2026, 12:00

«Бұрынғы Жанар ұлтшыл, басқаша болатын»: Өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шыққан журналист жан сырын ақтарды

Фото: Видеодан алынған кадр

Ол Аман Тасығанға берген сұхбатында күйеуімен қалай танысқанын айтып берді.

Белгілі журналист, "Шетелдегі қазақ балалары" жобасының авторы Жанар Байсеміз жеке өмірі туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ол Аман Тасығанға берген сұхбатында күйеуімен қалай танысқанын айтып берді.

“Махаббатта жолым болды. Күйеуіммен Эдуардпен Атырауда таныстым. Сол сәтте жолдасымды жұмыс бабымен Атырауға шақырған. Мен сол жақта жұмыс істеп жүргем. Кездейсоқ кеште кездесіп қалдық. Кейін танысып, бас қостық. Негізі сұлу жігіт. Күнделікті телефон соғып, қаратып алды. Мен сол кезге дейін жігіттер өзінің не қалайтынын білмейді деп ойлайтынмын. Ал Эдуард “екеуміз де жас емеспіз” деген дүниені нақты айтты. Жауапкершілікпен келді. Көңіл көтеру, уақыт өткізу деген нәрселерді айтқан жоқ. Қорғаным болатындай, қамқорлығына алатындай қадамдар жасады. Ажырасқанына 10 жылдан асқан бойдақ жүрген жігіт”, — дейді ол.

Жанар Байсеміз «сізді шетелдік азаматқа қимаймыз» деген көрермендеріне де жауап берді.

“Мұндай пікірді дұрыс та, орынсыз да деп айта алмаймын. Қызғану деген дүниені түсінбеймін. Көрермен махаббатын қабылдаймын. Бастапқыда “сізді қимаймыз” деген дүние көп айтылды. Бәлкім, мен ол кезде адамды ұлтқа бөлмейтін деңгейде болған шығармын. Бұрынғы Жанар ұлтшыл, басқаша болатын. Мен қазір ұлтшыл емеспін деп те айта алмаймын. Бірақ адамды ұлтқа бөлмеймін. Мен әдейілеп шетелдік азаматқа тұрмысқа шығайын деген жоспар құрған жоқпын. Сол менің таңдауым болды. Әйтпесе мен де қазақтың жігітіне тұрмысқа шыққым келді” — дейді ол.