$ 493.85  571.78  6.25

«Біз тоқтаған үйдің артына ракета түсті»: Жанболат пен Жазираның ұлы шетелге сапарын айтып берді

Қазбек бұл сапардан кейін әрқайсысы өмір туралы жаңа ой түйгенін айтты.

Фото: ikazeke парақшасынан
Фото: ikazeke парақшасынан

Қазақстандық танымал әншілер Жанболат пен Жазираның ұлы Қазбек әлеуметтік желіде соңғы сапары кезінде бастан өткерген қиын жағдай туралы жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, Дубайда жүрген кезде күтпеген жерден соғысқа байланысты қауіпті жағдайға тап болған.

«Бұл қысқа кадрды “Бурж Халифаның сау кезінде түсіріп алайын” деп сақтағанмын», – деп жазды ол.

Қазбектің айтуынша, көп ұзамай олардың тұрған жеріне жақын маңға ракета түскен.

«Бір сағаттан соң, біз тоқтаған үйдің артындағы отельге аспаннан ракета түседі. Ол уақытта біз үйде болуымыз керек еді. Бірақ достарымызбен бас қосайық деп, осы жерде қалдық. Сол сәттен бастап жарылыстар бірінен соң бірі болып кетті. Заттарымызды алмай, бар киімімізбен қазақ достарымыздың үйінде 3 күн түнедік», – деп жазды ол.

Бұл күндер олардың отбасы үшін үлкен стресс болғанын айтады.

«Сол 3 күн отбасымыз үшін стресс болды. Көз алдымызда алыстан ракеталар жарылды, жерге түсті, сағат сайын үстімізден гуілдеп бірдеңелер ұшты. Тойға дейін азуымыз керек еді деп едік. Уайыммен-ақ азып кеттік. Мұндай сәтте ең қиыны – дұрыс шешім қабылдау», – деді ол.

Қазбек пен оның отбасы қауіпсіз жерге кету жолдарын қарастырған.

«Вариант ретінде әзірге тыныш Оманға кету, немесе тынышталғанын күту (ракета үстіңе түспейінше әрине), самолет Дубайдың өзінен ұшып қалу (ракеталар аспанда толып жүргенде қауіпті вариант болып көрінді), немесе мемлекет тарапынан көмек күту (жағдайға байланысты белгісіз нәрсе)», – деп жазды ол.

Соңында олар Оманға баруды жөн көрген.

«Ешқандай хабарымыз жоқ Оманға кетуді жөн көрдік. Біздің бірінші қалауымыз тыныштықты сезіну болды. Одан кейін қайту жолын ойлармыз дедік. Оман расында тыныш мемлекет болды. Бірақ біз жатқан қонақүйдің айналасы ремонт, шу болғандықтан, әр дүрсілдеген дауысқа, біреу қолынан зат түсірсе болды, соған 2-3 күндей шошынып жүрдік», – дейді Қазбек.

Ол жақтан елге қайту да оңай болмаған.

«Оманға жету бір сынақ, екінші сынақ билет табу екен. Аэропортта адам тола, 1 апта бойы билет ала алмай жүрген адам көп, себебі толық отбасына билет жетпейді, немесе бағалары ұшып тұр. Біз де солардың қатарында болдық. 1 билет құны Индияға 500 мың теңге, ол елге ұшу үшін 4-5 күн виза жасауын керек. Виза күтпей ұшайын десең, Тайландқа билет 1 млн-нан басталады. Бағасы жарайды, оған да келістік, бірақ 1-2 ғана билет бар, ал біз 7 адамбыз. Тайландқа ұшқанымен, ол жақтан елге жететін самолетке билет тағы іздейсің», – деп жазды ол.

Ақыры ұзақ жолдан кейін Қазақстанға аман-есен жеткен.

«Ровно 1 күн 3 пересадка жасап, үйге жеттік», – дейді ол.

Қазбек бұл сапардан кейін әрқайсысы өмір туралы жаңа ой түйгенін айтты.

«Әрқайсымыз осы сапардан өзіне керегін алды, түйіндеді. Мамам енді өзіме қарап, шаршап тұрсам жұмысқа бармаймын, өмірдің рахаты үшін өмір сүрем деді. Папам тойға 2 күшті костюм алды, туфли в комплекте. Бірақ туфлиды кимеймін деді ау дим. Ал мен анандай қымбат билеттерден кейін, Flyarystan-ның 15 мың тұратын билеттерін іздеп алмаймын деп шештім. Маған енді любой билет көзіме арзан көрінеді», – деп әзілдеді ол.

Қазір Қазбек елге оралып, бәрі жақсы екенін айтты.

«Осылай өтті жалпы соңғы ай. Не болса да, позитивпен жүрміз! Менде болған бір уайым – ол ата-анамыздың көңіл-күйлері. Олар шошынбаса екен, елге тез жеткізсек екен, билет тапсақ екен деп жүрдік», – деп қорытындылады ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0