Олар әлеуметтік желідегі парақшаларында түрлі көңіл күй мен эмоцияны бейнелейтін видеолар жариялаған.
Әлеуметтік желілерде соңғы уақытта кең тараған трендке қатысамыз деген бірқатар танымал қазақстандық жұлдыздар көпшіліктің сынына ұшырады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Трендке сәйкес бейнероликтерде қатысушылар әртүрлі эмоцияларын көрсетіп, қысқа форматтағы көңілді контент түсіреді. Алайда дәл осындай видеоларды жариялаған кейбір өнер иелерінің әрекеті желі қолданушыларына ұнай қоймаған.
Аталған трендті қайталағандардың қатарында продюсер Гүлзира Айдарбекова, әнші Меруерт Түсіпбаева және әнші Мөлдір Мұқан секілді танымал тұлғалар бар. Олар әлеуметтік желідегі парақшаларында түрлі көңіл күй мен эмоцияны бейнелейтін видеолар жариялаған.
Дегенмен бұл жазбалар желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Бірі жұлдыздардың белсенділігін қолдап жатса, енді бірі олардың әрекетін орынсыз деп бағалады. Кейбір көрермендер пікір бөлімінде: «Өздеріне жарасса бір жөн», «Ерсі көрінеді екен», «Қуа бермеңдерші», «Жұлдыздарға мұндай трендтер аса жараспайды» деген секілді пікірлер қалдырған.
Сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі танымал тұлғалардың мұндай трендтерді қайталаудан гөрі мазмұнды әрі пайдалы контент ұсынғаны дұрыс деген ойларын да білдірді.
Осылайша, көңілді видео түсіруді мақсат еткен жұлдыздардың әрекеті желіде қызу талқыланып, түрлі көзқарастың қалыптасуына себеп болды.