$ 482.53  555.44  5.92

«Тегін жұмыс істедім»: Танымал әншінің хиттарын жазған композитор қаламақысыз қалғанын айтты (ВИДЕО)

Ашынған композитор еңбегінің ақысы өтелмегеніне налып, елден көмек сұрады. 

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Көпшілікке «Bayansulu» лақап атымен танымал әнші Баянсұлу Сағындықованың басы дауға қалды. Елімізге белгілі хит әндердің авторы, композитор Қуат Әбіл әншіге қатысты мәлімдеме жасап, бар шындығын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қуат Әбілдің айтуынша, ол  Баянсұлудың  “Ұмытсам да”, “Сондайы бар енді”, “Ауа райы”, “Күтемін”, “Lalala” атты бес бірдей әнін жазған. Дегенмен, сазгер жазған  бұл әндері үшін бірде-бір қаламақы төленбегенін айтып, әділдік сұрады. 

“Баянсұлу алғашында келген кезде “Аға, маған ақша керек емес, атым шықса болды” деп айтқан еді. Қолымнан келгенше жұмыс жасадым. Бес бірдей ән жаздым, бесеуі де хит болды.  Енді үлкен мәселе  – менің әндеріме қаламақы төленген жоқ. Мен тегін жұмыс істедім. Мен талап еткен қаламақымды төлеуден бас тартып жатыр. Маған бірнеше адамдардан қысым болды. Баянсұлудың “егер бұл әндерді мен айтпасам хит болмайтын еді” - деген сөзі маған деген құрметтің жоқтығын көрсетті”, – дейді ол.

Оның сөзінше, бұған дейін әншінің YouTube-тағы бірнеше әнін өшіртіп, орындауға тыйым салған. Бірақ кейін келісім арқылы қайта жүктелген. Дегенмен, бұл дау шиеленісіп, композитор мүлде орындауға тыйым салатынын, бейнебаяндардың түгел өшірілетінін айтқан. Соңында әнші сазгерді қаламақысын талап еткені үшін сотқа беріп, сотқа шақыру қағазын жіберген. Ашынған композитор еңбегінің ақысы өтелмегеніне налып, елден көмек сұрады. 

“Менің меншігімде ештеңе жоқ. Меншігімде – отбасым, бес балам және әндерім ғана бар. Мен өнерге қызмет етіп жүрген адаммын.  Ол көмек сұрап келген кезде барымды салып, жақсы  әндерімді Баянсұлуға бердім. Жаңа продюсеріне де талабымды айтып, қаламақымды төлеңдер де әндерді орындай беріңдер деп айттым.  Қазақ эстрадасына “Баянсұлу” деген ат осы әндер арқылы келді деп есептеймін. Енді, міне ақыр соңында осылай сотқа шақырып жатыр. Қарындасыңдай көріп, бар ынтаңмен жақсылық жасаған адамның осындай соққы жасауы  жақсы нәрсе емес. Әнші мен композитордың арасындағы сыйластықтың соңы  осындайға келді. Не істерімді білмеймін. Өздеріңіз әділдігін айтыңыздар” – деді композитор бейнежазбада. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0