03.04.2026, 23:30

1,5 млрд қаралым: Димаш Құдайберген тағы да топ жарды

Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash

CMMR деректеріне сәйкес, жобаның жалпы қаралымы 1,59 млрд-қа жетіп, мақұлдау индексі 100%-ды құрады.

Димаш Құдайбергеннің продюсерлік жобасы – «Voice Beyond Horizon» музыкалық реалити-шоуы екі ай ішінде интернет-платформаларда 1,5 миллиардтан астам қаралым жинады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

CMMR деректеріне сәйкес, жобаның жалпы қаралымы 1,59 млрд-қа жетіп, мақұлдау индексі 100%-ды құрады. Шоу Dengta, Vlinkage және Endata платформаларында көш бастап, кең аудиторияның қызығушылығына ие болды.

Телевизиялық рейтингтер бойынша да жоба жоғары нәтиже көрсетті. CSM және өзге де рейтингтік жүйелер дерегінше, шоу Қытайдың өңірлік спутниктік арналарында 8 апта қатарынан төрт көрсеткіш бойынша бірінші орыннан түспеген.

Бағдарлама қатысушыларының видеолары да үлкен сұранысқа ие – олардың кейбірі 1 миллионнан астам қаралым жинаған. Музыкалық сыншылар жобаны «мәдени құндылық пен кәсіби шеберлікті үйлестірген жоғары сапалы өнім» деп бағалады.

Шоу әлеуметтік желілерде де кең таралып, YouTube және TikTok платформаларында түрлі елдердің блогерлері реакциялық видеолар жариялап, жоғары белсенділік танытты. Жобаға қатысты тақырыптар Weibo, Red Note және TikTok желілерінде 300-ден астам рет трендке енген.

Сонымен қатар, жобаға халықаралық деңгейде қолдау көрсетілуде. Қытайдың жетекші басылымдары – «Жэньминь Жибао», «Синьхуа» және «Гуанминь Жибао» жобаның мәдени маңызын жоғары бағалады. Ал Малайзия, Қырғызстан және Италия елшіліктері шоу туралы ресми түрде ақпарат таратып, қолдау білдірді.

Қазіргі таңда «Voice Beyond Horizon» әр бейсенбі Hunan TV мен Mango TV платформаларында, ал сенбі күндері «Qazaqstan» телеарнасында көрсетіледі.