05.04.2026, 11:30

«Тұрмысқа шыққалы жатыр»: Ләйлә Сұлтанқызы жеке өмірі жайлы ашық айтты (ВИДЕО)

Коллаж: SN.kz

"Егер өміріңізде өзгеріс болса, біз қарсы емеспіз”. 

Ләйлә Сұлтанқызы «Қазақстан» арнасындағы «1001 түн» бағдарламасына қатысып, жеке өмірі мен отбасы құру тақырыбына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Журналистің айтуынша, бұл тақырып бұрын да көтерілген. Алайда бұл жолы ол ұлдарының өзіне айтқан сөзін еске алды.

«Бір жыл бұрын дастарқан басында екі ұлым: “Анашым, біз ертең өз жолымызбен кетеміз. Сіз жалғыз қаласыз. Біз үшін уайымдамаңыз. Егер өміріңізде өзгеріс болса, біз қарсы емеспіз” деген еді. Сол сәтте қатты таңғалдым. Ұлдар әдетте ондай сөзді айта бермейді ғой. Жүрегіме ауыр тиді», – деді ол.

Сонымен қатар, тележүргізуші қазіргі жағдайын да жасырмады.

«Біреуді арнайы іздеп жүрмін немесе қатты қиналып жүрмін деп айта алмаймын. Бірақ кейбір маңызды шешімдер қабылдайтын кезде жалғыздық қатты сезіледі. Мысалы, кіші ұлым Америкаға кеткісі келеді. Сондай сәтте әкесінің “тоқта” дейтін сөзі жетпей тұрады. Ал мен ана ретінде бәрін жұмсартып жеткізуге тырысамын. Осындайда көңілім түсіп кетеді», – деп ағынан жарылды.

Айта кетейік, желіде тараған видеоға қатысты көпшілік түрлі пікір білдіріп жатыр. Кейбір қолданушылар «бұл – оның өз ойы сияқты», «тұрмысқа шығуға ниетті болуы мүмкін», «жақын арада қуанышты жаңалық болады» деген болжамдарын жазуда.