06.04.2026, 16:20

«Ғашық болдым дейді»: Нұрлан Өнербаевтың жазбасы жұртты елеңдетіп қойды (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Шіркін өнердің кеңістігі кең деген осы шығар.

Танымал әнші Нұрлан Өнербаев өзге ұлт өкілінің өзіне деген ерекше ықыласы мен қазақ әніне деген сүйіспеншілігі туралы айтып, жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

"Жарты ғасырға жуық өнердегі өмірім жол үстінде өтіп келеді. Ал сол жолда кімдермен сапарлас болмайсың. Менің қасымда тұрған жігіттің есімі Серж мен оны Сержан деймін. Өте талантты жігіт.

Талай іс-шараларда, сахнада кездесіп жүреміз. Шіркін өнердің кеңістігі кең деген осы шығар. Сонаауу Африка құрлығынан келіп, біздің елде қазақша, ағылшынша ән айтып жүргеніне 10 жылдам астам уақыт болды. Көрген жерде елпелектеп жүгіріп келіп, ағалап амандасып жатады. Өзі Африканың Конго деген елінен.

Қазақстанда жүргеніңе он жылдан асты сен енді өзіңді Шымкенттің жанындағы Келестенмін десең де болды, біздің оңтүстіктің ыстық ауа райына үйренген сен сияқты қара баллар біздің ауыл жақта көп.

Содықтан сен енді біздің баласың деп арқасынан қағып қойдым. Өзінің қазақшасы да тәп-тәуір болып қапты. Аға, келесі жолы кездескенде өзіңізбен таза қазақша сөйлейтін боламын деп уәдесін берді.

Және дейді, жігіт бола тұра сіздің "Қарағым ай" әнін орындағаныңызға ғашық болдым деп қояды. Рақмет Серж, айтқандай Сержан - жолың болсын дедім", деп жазды Нұрлан Өнербаев.