Өнер иесі әншілікпен қатар, профессор-оқытушы ретіндегі қызметін ерекше мақтан тұтатынын атап өтті.
Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желідегі парақшасында Т.Қ.Жүргенов атындағы Өнер академиясындағы ұстаздық жолы туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Өнер иесі әншілікпен қатар, профессор-оқытушы ретіндегі қызметін ерекше мақтан тұтатынын атап өтті.
«Әншілігімнен бөлек, профессор-оқытушылығым бар және оны мақтан тұтамын. Ұстаздық жолымдағы ұстанымым – өтпейтін өткелден өткізетін бір-ақ нәрсе – білім мен ғылым», – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол жарты ғасыр бойы студенттерге айтып келе жатқан өмірлік қағидасымен де бөлісті.
«Жүректе жарық болса, түнектен қорықпаңдар, ізденген жетер мұратқа. Ілім алып, білімдеріңді шыңдай беріңдер, шырақтарым», – деді әнші.
Жазба соңында Нұрғали Нүсіпжанов шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі үшін концертмейстер Дина Сұлтановаға алғысын білдірді.