20.04.2026, 17:20

«Менсіз де өтеді»: Мөлдір Әуелбекова Кешьюдің концертіне қатыспайтынын айтты

Фото: Instagram/moldir.auelbekova

Өнер жолымдағы үлкен бір кезеңнің бетін өзім үшін жабамын.

Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова Kesh You тобының алдағы концертіне қатыспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі бұл шешімді саналы түрде қабылдағанын айтып, топтың «алтын құрамымен» өтетін кеш жоғары деңгейде болатынына сенім білдірді.

«Кешьюдің концертіне қатыспау туралы шешім қабылдадым. Менсіз-ақ, алтын құраммен керемет кеш өтетініне сенімдімін. Осылайша, өнер жолымдағы үлкен бір кезеңнің бетін өзім үшін жабамын», – деді әнші.

Мөлдір Әуелбекова өз сөзінде өнердегі жолына да қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, 20 жылдан астам уақыт ішінде ол тек сахнада ғана емес, түрлі бағытта өзін сынап көрген.

«Осы 22 жыл ішінде мен Мөлдір Әуелбекова деген атты қалыптастырып, түрлі кезеңдерден өттім. Сахнада да, әртүрлі қызметтерде де жұмыс істедім, бизнеспен айналыстым. Кей сәттерде өнерден алыстап, кейін қайта оралдым», – деді ол.

Әншінің бұл шешімі желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Көпшілік оның таңдауына түсіністікпен қарап, жеке шығармашылық жолына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, кейбір тыңдармандар Мөлдірдің концертке қатыспауы кештің көркін кемітетінін айтып, оның сахнаға қайта оралуын қалайтынын жеткізді.

Айта кетейік, Kesh You тобы – қазақстандық эстрададағы ең танымал қыздар топтарының бірі. Ұжым құрамында әр жылдары бірнеше әнші өнер көрсетіп, жоба отандық шоу-бизнеске көптеген жұлдыздарды танытты.