"Халыққа бұдан не пайда, Ләйлә?".
Әнші Меруерт Түсіпбаева өнер адамдарын есірткіге тексеру қажет деген ұсыныс айтқан журналист Ләйлә Сұлтанқызына қатысты пікір білдіріп, оны қатаң сынға алды. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі қоғамда бұдан да маңызды мәселелер жеткілікті екенін алға тартып, журналистің бастамасына күмән келтірді.
”Мемлекетте басқа мәселе жоқ па? Халыққа бұдан не пайда, Ләйлә? Біздің елде басқа мәселе жоқ па? Тістерің тек өнер адамдарына ғана бата ма? Біресе Меккеге барған өнер адамдарына, біресе ажырасқан әртістерге, енді олардың есірткі қабылдауын тексеру қалды ма? Мықты болсаңдар басқа мәселені неге көтермейсіңдер? Халқыма пайдалы мәселе жоқ па? Бітті ме? Әртістің көрпесін көтеру ғана қалды ма”, — деп жазды әнші.
Өз кезегінде Ләйлә Сұлтанқызы бұл пікірге жауап беріп, мәселенің ауқымы кең екенін атап өтті. Оның айтуынша, әңгіме тек өнер адамдары емес, жалпы қоғамға әсер ететін тұлғалар туралы болып отыр.
”Меруерт жалпы не айтылғанымен, басқамен таныс болдың ба? Жастардың, балалардың арасындағы жағдай сені мазаламай ма? Денсаулықтары мазаламай ма? Әлде олар маңызды емес пе? Әңгіме жалпы танымал адамдар туралы және Түркиядағы жағдай мысалға алынған тұғын. Қоғамға әсер алатындар туралы, күрестің жан-жақты болуы туралы. Жаны, тәні, денсаулығы тазалар ештеңе ойламайды, керісінше бірге күрседі. Айналадағы ласпен”, — деп пікір қалдырды журналист.
Ал Меруерт Түсіпбаева бұл жауапқа қарсы уәж айтып, тек өнер адамдарын ғана емес, барлық саланы қамту керектігін жеткізді.
”Басқа саладағы адамдар судай таза, сонда әртістер ғана шөп шеге ме? Онда толығымен барлығы тест өтсін”, — деп жауап берді әнші.