Сырт көзге әдемі көрінгенімен, бұл кезең үлкен психологиялық қысыммен өткенін жасырмады.
Әнші Әнел Әрінова журналист Аман Тасығанқа берген сұхбатында 2006–2012 жылдары КешYOU құрамында өнер көрсеткен кезеңін еске алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесінің айтуынша, сол уақытта сахнада батыл әрі ашық образда өнер көрсету қалыпты жағдай саналған. Дегенмен ол мұны ұятсыздық емес, керісінше, көрермен алдында еркін шығып, шоу жасай алудың белгісі ретінде бағалайды. Әнші қатаң тәрбие көріп өскенін, қыз баланың ибалы болуы тиіс деген түсінік болғанын атап өтті. Алайда сол кезеңнің сахналық талаптары өзгеше болғандықтан, ашық әрі батыл образ қажет болған.
Сұхбат барысында ол КешYOU тобының ерлерге арналған журналға да түсірілімге қатысқанын айтты. Әншінің сөзінше, бұл тәжірибе оның өміріндегі ең қиын сынақтардың бірі болған. Камера алдында ашық образда отырып, фотографтардың талабын орындап, қажетті эмоцияны жеткізу жас қыз үшін оңайға соқпаған. Сырт көзге әдемі көрінгенімен, бұл кезең үлкен психологиялық қысыммен өткенін жасырмады.
Соған қарамастан, ол бұл жағдайды өмірлік тәжірибе ретінде қабылдайды. Әншінің пікірінше, дәл осындай кезеңдерден өту оның бүгінгі жетістіктеріне жол ашқан.
Сондай-ақ Әнел Әрінова әкесінің реакциясы есінде ерекше сақталғанын айтты. Әкесі қызын сөкпей, жағдайды түсінетінін білдіргенімен, мұндай ашық образға алаңдаушылық танытқан. Ол қызына қысқа ғана ескерту жасап, мұндай әрекеттердің салдары туралы ойлануға кеңес берген.